Жол-көлік оқиғасын полиция шақырмай-ақ тіркеуге болады: әдісі қандай
Қазақстандық жүргізушілер жеңіл жол-көлік оқиғасын (ЖКО) полиция шақырмай, сотқа жүгінбей-ақ тіркей алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еурохаттама рәсімделуі тиіс
Бұл үшін «Еурохаттама» (Европротокол) тәртібін қолдану қажет. Абай облысының Полиция департаменті бүгін осы тәртіптің талаптарын еске салды.
Мұндай тәртіпті қолдану үшін төмендегі талаптардың барлығы орындалуы қажет:
- ЖКО-ға тек екі автокөлік қатысуы тиіс;
- екі жүргізушінің де қолданыстағы сақтандыру полисі болуы қажет;
- келтірілген залал мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы керек;
- апаттың мән-жайы, кінәлі тарап және көліктердің зақымдануы бойынша келіспеушілік болмауы тиіс;
- зардап шеккендер болмауы және өзге мүлікке зиян келмеуі керек.
Декларация толтыру қажет
Полиция мәліметінше, жол апатын Europrotocol, DTP.kz, Halyk Kazakhstan қосымшалары немесе сақтандыру ұйымының ресми интернет-ресурсы арқылы рәсімдеуге болады.
Ол үшін жүргізуші жеке басын сәйкестендіруден өтіп, декларация толтырып, оқиға орнынан фото және бейнематериалдарды тіркеуі қажет.
Жүргізушілер сақтандыру ұйымының декларация қабылданғаны туралы хабарламасын алған соң ғана оқиға орнынан кете алады.
Қандай жағдайда жаза қолданылмайды
Полиция департаменті Еурохаттаманың барлық талабы сақталса, жүргізушілер осы жол-көлік оқиғасына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын атап өтті.
Ал белгіленген талаптардың кемінде бірі орындалмаса, полиция шақыру қажет.