$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Қоғам

Бәсі биік, зардабы ауыр: құмар ойынның құны қандай

Құмар ойынға тәуелділік жеке адамның қаржылық мәселесі ғана емес. Қарыз, несие, еңбек өнімділігінің төмендеуі, отбасы бюджетінің бұзылуы – лудоманияның экономикаға әсер ететін негізгі салдарының бірі. Қазақстанда бұл түйіткілдің күрмеуі қаншалықты терең және мемлекет одан туындайтын тәуекелдерді азайту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?

Лудомания – бұл адамның ақшаға немесе құмар ойындарға патологиялық тәуелділігі. Бұл – жай ғана ермек емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде мойындаған психикалық ауытқу және тәуелділік түрі.

Смартфондағы бірнеше батырма арқылы спорттық ойынға бәс тігу бүгінде көп уақытты қажет етпейді. Букмекерлік платформалардың қолжетімділігі артқан сайын құмар ойын адамның күнделікті өміріне де етене жақындай түсті. Бастапқыда бірнеше мың теңгеден басталған ставка біртіндеп тұрақты әдетке айналуы ықтимал. Ал ұтылған қаражатты қайтаруға деген ұмтылыс, адамды одан әрі үлкен сомада ақша салуға итермелейді. Осылайша, бастапқыда ойын-сауық сияқты көрінген әрекеттің салдары қаржы тәуелділігіне ұласуы мүмкін.

Лудоманияның кесірі адамның жеке бюджетімен ғана шектелмейді. Тәуелділік күшейген сайын қарыз көбейіп, жинақ азаяды, отбасының қаржылық жағдайы күрт нашарлап, еңбек өнімділігінің де төмендеуі кәдік. Кей жағдайда адам қарызын өтеу үшін жаңадан несие алып, заңсыз әрекетке баруға бел буады. Сондықтан лудоманияны тек медициналық немесе әлеуметтік проблема ретінде емес, экономикалық мәселе ретінде де қарастыру қажет.

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділік мәселесінің ушыға түскені соншалық, мемлекет бұл кеселдің тамырына балта шабу үшін нақты шаралар қабылдауға кірісті.

Мәселен, 2024 жылы 8 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеуге қатысты өзгерістерді қамтитын заңға қол қойды. Заң сол жылы қыркүйек айында күшіне енді. Оған сәйкес, мемлекеттік, әскери, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге шектеу қойылды. Бұл талаптарды бұзу қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін.

Заңның мақсаты – лауазымдық жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және құмар ойын салдарының алдын алу.

Үкімет те 2024-2026 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарды қабылдап, құмар ойындар мен бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350 мыңнан 201,6 мыңға дейін азайту мақсатын белгіледі. Жоспардың тағы бір бағыты – патологиялық құмар ойынға тәуелді адамдарды мемлекет есебінен емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту.

Қазақстандағы лудомания: статистика сөйлесін

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша 2025 жылы құмар ойындарға қызығушылық бойынша зерттеу жүргізілген. Оған еліміздің әр өңірінен 5 998 азамат қатысып, 20 сарапшымен сұхбат өткізілген. Зерттеу нәтижелері 2025 жылғы 13 қазанда жарияланды.

Фото: ЖИ

Зерттеу авторларының есептеу әдісі арқылы тұрақты ойыншылардың болжамды саны да шығарылған. Мәселен, лицензиясы бар букмекерлік кеңселерге тұрақты бәс тігетіндер саны 456 276 адам, ал заңсыз букмекерлік платформаларға қатысатындар саны 494 019 адам деп бағаланған. Бұл — сауалнама негізінде есептелген болжамды көрсеткіштер, нақты тіркелген адамдардың саны емес.

«Байып кетемін деп бастадым»: лудомандар не дейді?

«Алғаш рет 2011 жылы 1000 теңгеге ставка тіктім. Ол кезде мен үшін бұл аз ақша емес еді. Ауылдан қалаға көшіп келдім, қалтамда көк тиыным жоқ. Қаржылық қиындықтан шығудың жолын іздеп, ставка арқылы тез байып кетемін деп ойладым.

Алғашында бәс тігу арқылы ақша табуға болатынына сендім. Көшелерде орнатылған автоматтарға да ақша салып ойнайтынмын. Алайда уақыт өте келе ұтқан ақшамнан ұтылған ақшам көбейе бастады. Ұтылған қаражатымды қайтарып алуға тырысып, қайта-қайта ставка тіктім. Тіпті, көлігімді сатып, одан түскен ақшаны да бәс тігуге жұмсадым.

Қазір екі баланың әкесімін. Соған қарамастан, әлі күнге дейін ставка тігемін. Ең қиыны — отбасым менің осы әдетімнен хабарсыз. Бұл туралы жақындарыма айта алмай жүрмін. Бұл дерттен қалай құтыларымды білмеймін», — дейді азамат Б. (аты-жөнін жарияламауды сұрады).

Ал букмекерлік компанияларда 2 жыл жұмыс жасаған А. есімді тұрғын лудомандар жайлы білдірген пікірінде:

«Екі жылдан астам уақыт бәс тігетін адамдармен жұмыс істедім. Күн сайын ставка қоятындардың саны айтарлықтай көп болды. Кейбірі букмекерлік қосымшаларға 100 мың теңгеден астам қаражат аударып жатты. Арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер де кездесетін. Олар жасы 21-ден асқан таныстарының немесе туыстарының аккаунттары арқылы бәс тігетін.

Жұмысым барысында ең қатты алаңдатқан жағдай — ставкадан ұтылған адамдардың сол сәттегі әрекеті. Олар көбіне эмоцияларын басқара алмай, күйзеліске түсетін.

Айта кететін тағы бір жағдай: кейбір букмекерлік компаниялар жаңа пайдаланушыларды тарту мақсатында ақшалай бонустар мен брендтік тауарларын ұсынады. Осындай сыйлықтарға қызығып, букмекерлік қосымшаларды жүктеп, бәс тіккен адамдарды да көрдім. Мұның бәрі назар аударарлық жайт», – деп атап өтті.

Лудоманияның экономикаға кері әсері

Біріншіден, отбасы бюджетінің әлсіреуі. Лудоманияның алғашқы экономикалық салдарының бірі – жеке және отбасылық қаржының дұрыс бөлінбеуі. Адам табысының бір бөлігін азық-түлікке, тұрғын үйге, білімге немесе жинаққа емес, ставкаға жұмсайды. Ұтылған жағдайда шығынды қайтаруға тырысып, қайтадан ақша салады. Осылайша бір реттік шығын тұрақты қаржылық мәселеге ұласады.

Екіншіден, қарыздың артуы. Ставкаға жұмсалатын ақша адамның жеке қаражатының шегінен шыққан кезде несие мен қарызға жүгіну қаупі артады. Бұл жерде мәселе тек адамның қарыз алуында емес. Қарыздың өсуі оның болашақ табысының бір бөлігін алдын ала жұмсауды білдіреді. Мысалы, жалақының белгілі бір бөлігі бірнеше ай бойы несие төлеуге кетсе, адамның тұтыну мүмкіндігі төмендейді. Бұл өз кезегінде отбасының басқа тауарлар мен қызметтерге деген шығынына кері әсер етеді.

Үшіншіден, еңбек өнімділігінің төмендеуі. Ақша тігуге тәуелді адам спорттық жарыстардың нәтижесін жұмыс уақытында да қадағалап, букмекерлік қосымшаны қайта-қайта ашып немесе ұтылған ақшасын қайтарудың жолын іздеп, әуре-сарсаңға түсіп отыруы мүмкін. Қаржылық қысым мен тұрақты стресс адамның эмоционалдық жағдайына да әсер етеді. Салдарынан жұмысқа деген зейін төмендеп, еңбек өнімділігі нашарлауы бек ықтимал.

Төртіншіден, жинақ пен инвестицияның азаюы. Экономикалық тұрғыдан адамның табысын қайда жұмсайтыны маңызды. Егер азаматтың бос қаржысы жинаққа, білімге немесе кәсіп бастауға емес, ставкаға кетсе, ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық әлсірейді. Яғни лудомания жеке адамның болашақ капиталын қалыптастыруына кедергі келтіруі мүмкін.

Лудоманияның экономикаға оң әсері бар ма

Бұл сұраққа жауап бергенде лудоманияның өзін экономикалық тұрғыдан «оң құбылыс» деп бағалауға болмайды. Алайда заңды ойын бизнесінің экономикаға беретін белгілі бір әсерлері бар. Біріншіден, заңды ойын бизнесі – салық салынатын экономикалық қызмет. Қазақстанның салық заңнамасында ойын бизнесіне арналған жеке салық бөлімі бар. 2026 жылдан бастап Қазақстанда ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі 25 пайыз ретінде белгіленді.

Екіншіден, заңды ойын бизнесі жұмыс орындарын қалыптастырады. Казино, букмекерлік кеңсе және ойын бизнесіне қызмет көрсететін компанияларда әкімшілік, IT, қауіпсіздік, маркетинг және басқа да мамандар жұмыс істейді. Үшіншіден, заңды нарық мемлекеттік бақылауға мүмкіндік береді. Лицензияланған компаниялардың қызметі реттеледі, салықтық міндеттемелері болады және олар заң талаптарын орындауға тиіс. Бірақ бұл артықшылықтарды лудоманияның өзімен шатастырмау қажет.

Яғни экономикалық пайда – заңды ойын бизнесінің қызметінен, ал лудомания – сол ойынға тәуелділіктен туындайтын әлеуметтік-экономикалық ахуал.

Лудоманияны тыйым салу және жазалау арқылы жеңе аламыз ба

Қазақстандағы статистикалық деректер лудоманияның күрмеуі күрделі проблема екенін көрсетіп отыр. Бір жағынан, 2026 жылғы 1 қаңтарда «патологиялық құмар ойынға тәуелділік» диагнозымен диспансерлік есепте небәрі 9 адам болған. Екінші жағынан, зерттеу нәтижелері құмар ойындардың әр түріне тұрақты қатысушылар саны жүздеген мың адамға жетуі мүмкін екенін анықтады. Әлбетте, құмар ойынға тұрақты қатысатындардың бәрін лудоман деп қарастыруға болмайды. Алайда ресми медициналық есеп пен зерттеу нәтижелерінің арасындағы алшақтық бұл індеттің нақты ауқымын анықтау қажеттігін аңғартады. Себебі, дерттің қаншалықты кең таралғанын білмей, оған қарсы қабылданған шаралардың тиімділігін бағалау да қиын.

Құмар ойынға салынғандардың дәл санын анықтау қиын болғанымен, ресми органдардың таратып жатқан мәліметтерінен оның ауқымы аз емес екенін көруге болады. Мәселен, тек 2026 жылға қатысты кейбір ақпараттарға шолу жасасақ. Наурыз айында Ұлытау облысының прокуратурасы 36 мемлекеттік қызметшінің, оның ішінде 10 басшының, букмекерлік кеңселер арқылы бәс тіккенін анықтады. Барлығы қызметінен босатылды.

Сондай-ақ қыркүйекте Жетісу облысының Көксу ауданында екі лауазымды тұлға осындай себеппен жұмысынан айырылды. Олардың бірі – мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек еткен аудандық бөлім басшысы. Прокуратура мәліметінше, ол букмекерлік шоттарды 7,7 млн теңгеден астам сомаға толықтырған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті де қыркүйекте букмекерлік кеңселер арқылы бәс тіккен үш шендіні анықтаған. 2025 жылы осы өңірдің Ақжар ауданында – үш, Тайынша ауданында – екі және Есіл ауданында бір мемқызметшінің құмар ойындарға басы ауғаны белгілі болған еді.

Мұндағы тағы бір мәселе, мұндай шаралар заң талаптарын бұзғандарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бергенімен, құмар ойынға тәуелділік мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Өйткені бұл кеселмен күрес тек тыйым салу және жазалаумен шектелмеуге тиіс. Ең маңыздысы – оның алдын алу, шырмауға түскендердің көмек алуына дер кезінде жағдай жасау және қоғамда құмар ойынның қаупіне деген саналы көзқарас қалыптастыру. Себебі құмар ойынның өтеуі кейде тек ақшамен емес, адамның жоғалтқан уақытымен, сөнген үмітімен, тіпті өмірімен де өлшенеді.

Назерке Жұмабек

Back to top button