ЕрекшеҚоғам

«Барып тұрған бассыздық»: адвокат қазақ мектебін ашуды талап етіп, қамалған белсендіні қолдауға шақырды

Белгілі адвокат Мейірман Шекеев Алматыда қазақ мектебін талап етіп, 15 күнге қамауға алынған белсенді Дархан Ардақұлының ісін қолға алды. Ол белсендінің қамалуын “барып тұрған бассыздық” деп атады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

Мейірман Шекеевке Дархан Ардақұлының ісін қолға алуды заңгер, депутат Абзал Құспан өтінген. 

“Тағы да қазағымыздың құқығы бұзылды. Қарап отырсам, бұл жерде заң бұзылған. Атап айтқанда, Дархан Ардақұлы есімді азамат Алматы қаласының әкіміне Тик-ток парақшасы арқылы “неге 215-ші мектеп әуелі қазақ тілінде ашылатыны жарияланып, кейінірек аралас тілде ашылғалы жатыр, біз соның себебін білу мақсатында 215-ші мектепке барамыз” деп үндеу жариялаған. Осы сөзі үшін жергілікті полиция хаттама толтырып, сотымыз оны “митиңге шақырып жатыр” деген желеумен әкімшілік кодекстің 488-бабының 7-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамаған. Айтыңыздаршы, бұл сұмдық қой”, – дейді адвокат.

Мейрман Шекеевтің сөзінше, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде үстемдігі Конституциядан бастап Тіл туралы заңға дейін айқындалған. 

“Бар болғаны “215-ші мектепке барамыз” дегені үшін бұлай қамап тастауы – барып тұрған бассыздық деп санаймыз. Сондықтан, баршаңызды осы мәселені шешу бағытында жасайтын әрекетімізді қолдап кетуіңізді сұраймыз. Заңгер әріптестерімді қосылуға сұраймын. Ертең апелляциялық шешім түсіріп, бұл қаулының күшін жоюға атсалысуларыңызды сұраймыз. Мемлекеттік тіл қазақша сөйлейтін қазақтың ғана емес, орысша сөйлейтін қазақтың да, дүнгенше сөйлейтін дүнгеннің де тілі. Сондықтан, қазақ тіліне жасалған қиянат Қазақстанға жасалған қиянатпен сипаттас деп есептеймін”, – дейді адвокат Мейірман Шекеев.

БЕЛСЕНДІНІҢ ҚАМАЛУЫ

Алматыда мектеп дауынан кейін тіл белсендісі 15 тәулікке қамалған. Алматы қалалық әкішілік соты Бостандық ауданында ашылайын деп жатқан мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамады.

«Мені 15 күнге соттап жіберді, 488 бап, 7 тармақ бойынша “мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. #215 мектеп қазақ болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін» деп жазды белсенді.

Сот шешімінде 19 тамызда Дархан Ардақұлы «бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы» заңды бұза отырып, жергілікті органның рұқсатынсыз бейбіт жиналыс өткізуге шақырғаны» жазылған. Белсенді сотта айыппен келіспеген.

Белсенділер мен ата-аналардың сөзінше, Бостандық ауданында биыл ашылайын деп жатқан жаңа N215 мектеп бастапқыда қазақ тілінде ашылады деп хабарланған, бірақ ашылуы әбден тақалған кезде жергілікті билік өкілдері «айнып қалған». Facebook-та тараған видеолардың бірінде белсенділер бұл ықшамауданда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп барын, балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар мектеп таппай қиналып отырғанын айтады.

Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Дархан Ардақұлына ара түскен. Ол бұл іске бей-жай қарай алмайтын адамдарды апелляциялық сотқа белсенді қатысуға шақырған еді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button