$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
TOP-2Жаңалықтар

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайда қымбат үйлері бары рас па – ҚМА жауап берді

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) сотталған Перизат Қайраттың туыстары Дубайдағы жылжымайтын мүлікті жымқырылған қайырымдылық қаражатына сатып алды деген ақпаратты растамады. Ведомство мәліметінше, жарияланымдарда аталған нысандар оның қоры құрылғанға және қылмыстық әрекеті басталғанға дейін сатып алынған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дубайдағы жылжымайтын мүлікке қатысты тексеру не көрсетті

ҚМА-ның түсініктеме беруіне анонимді Telegram арналарының бірінде Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпараттың жариялануы себеп болды.

Агенттік өкілдері бұған дейін аталған тұлғалардың Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен алған табысына мүлік сатып алу ықтималдығы тексерілгенін мәлімдеді. Алайда бұл болжам расталмаған.

ҚМА мәліметінше, тергеу барысында мамандар қаржылық операцияларды жан-жақты талдап, жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасын анықтаған.

«П. Қайрат иемденген қайырымдылық қаражатын автокөліктер, пәтерлер сатып алуға, оларды жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, брендтік киімдер мен әшекей бұйымдарға, бизнес-класпен ұшуға, қымбат қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына баруға жұмсаған», – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар агенттік мәліметінше, тергеу барысында Перизат Қайрат пен жарияланымда «А. отбасы» деп көрсетілген туыстары арасында қандай да бір қаржылық есеп айырысу фактілері анықталмаған.

Жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдар аралығында, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейін сатып алынған.

ҚМА өкілдерінің айтуынша, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сату кәсібімен айналысып келеді. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін дербес жүргізген.

Неліктен туыстық байланыс мүлікті тәркілеуге негіз бола алмайды

Қаржылық мониторинг агенттігі жылжымайтын мүлікке тыйым салу және оны тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдейтін нақты айғақтар қажет екенін атап өтті.

Ведомство бұл мәселеге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 161-бабына сілтеме жасады.

Агенттік түсіндіргендей, күдікті немесе сотталған адаммен туыстық байланыстың болуы өздігінен қылмыстық қудалауға немесе мүлікті тәркілеуге заңды негіз бола алмайды.

Осылайша, ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы жылжымайтын мүлік пен жымқырылған қайырымдылық қаражаты арасында байланыс бар екенін растайтын дәлелдер анықталмағанын хабарлады.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button