Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттың өкілеттігін тоқтатты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясына мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру тапсырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шешім консультациялардан кейін қабылданды
Жарлыққа қол қоймас бұрын Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультациялар өткізді.
Консультациялар Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.
ОСК кезектен тыс сайлауды ұйымдастырады
Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оған дайындық жүргізу және өткізу жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдау тапсырылды.
Хабарламада дауыс беру күні көрсетілмеген. Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.