$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

Қазақстанға «Яндекстің» бәсекелестері келе ме: министр жауап берді

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Қазақстандағы «Яндекс» сервистерінің жұмысы алдағы 2-3 күнде толық қалпына келуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы QOSlive телеграм-арнасына сілтеме жасап.

12 қазанда Ақорда кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген министр Қазақстандағы онлайн-сервистер нарығы коммерциялық тұрғыдан тартымды екенін атап өтті. Әсіресе такси шақыру және тамақ жеткізу қызметтеріне сұраныс жоғары.

Осыған байланысты Жаслан Мадиев «Яндекстен» бөлек, басқа да ірі онлайн-платформалар Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігін қарастырады деп үміттенетінін жеткізді.

«Яндекс» жұмысы 2-3 күнде қалпына келуі мүмкін

Министрдің айтуынша, Қазақстанда такси және тамақ жеткізу қызметтерін ұсынатын балама сервистер бар. Алайда бұл бағытта бизнес жүргізу оңай емес.

«Бізде балама сервистер бар. Бұл – айтарлықтай күрделі бизнес, сондықтан жаңа қызметтерді іске қосу стартаптар мен IT-компаниялардың коммерциялық шешіміне байланысты. Тамақ жеткізу бойынша да басқа сервистер жұмыс істейді. «Яндекс» платформасының жұмысын тұрақтандыруға кірісті. Алдағы 2-3 күнде барлық қызметі толық қалпына келеді деп үміттенеміз», – деді Жаслан Мадиев.

«Яндекс» сервистерінің жұмысында ақау пайда болды

Бұған дейін «Яндекс Go» компаниясының баспасөз қызметі сервистердің жұмысында іркілістер байқалғанын, кейбір қызметтердің уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін хабарлаған. Компания туындаған қолайсыздықтар үшін пайдаланушылардан, жүргізушілер мен курьерлерден кешірім сұрады.

«Яндекс» өкілдерінің түсіндіруінше, техникалық ақаулар деректер орталықтарының зақымдануына байланысты болған.

Компания инженерлері алдымен ең көп қолданылатын сервистердің жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Сонымен қатар барлық өңірде қызметтердің толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Еске салсақ, ІТ маманы Қазақстанда «Яндекс Таксимен» теңдесер сервис жасауға 30-50 млрд теңге керек екенін айтты.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button