$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-2Пікір

Қазақстанда «Яндекс Таксимен» теңдесер сервис жасауға 30-50 млрд теңге керек – ІТ маманы

Таксиге шақыруға арналған қосымшаны жасау «Яндекспен» бәсекелес болу үшін жеткіліксіз: негізгі шығын инфрақұрылымға, деректер мен пайдаланушыларды тартуға жұмсалады. Мұндай пікірді әлеуметтік кәсіпкер, Vbox ақылды сауда автоматтары желісінің негізін қалаушы Райымбек Төлешев білдірді. Оның бағалауынша, соған деңгейлес сервисті іске қосу үшін шамамен 30-50 млрд теңге әрі бірнеше жыл жұмыс қажет болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Неліктен шығын тек қосымша жасаумен шектелмейді

Төлешев өз жазбасында жолаушыға үйреншікті такси шақыру батырмасының артында бір мезетте көптеген тапсырысты өңдейтін жүйе тұрғанын түсіндірді. Ол көлікті таңдап, жолдағы жағдайды ескере отырып бағыт құруға және сапар құнын есептеуге тиіс.

«Қазақстанда неге ешкім “Яндекс Таксиді” қуып жете алмайтынын IT маманы ретінде түсіндірейін. Көпшілік қосымша жасасаң болды деп ойлайды. Бірақ ең арзаны – қосымшаның өзі, шамамен 50-70 млн теңге. Қалғанының бәрі жүздеген есе қымбатқа түседі. Елестетіңіз: сіз такси шақырасыз, ал жүйе бір секунд ішінде ең жақын көлікті тауып, кептелісті ескере отырып бағыт құруға және бағаны есептеуге тиіс. Мұның бәрі бір мезетте жүздеген мың адам үшін орындалады. Ол үшін өз карталарың, жылдар бойы жиналған деректер және тұтас дата-орталықтар қажет», – дейді Төлешев.

Жазбаға қоса жарияланған карточкаларда кәсіпкер «Яндекс Go»-дың өзіндік баламасын жасау құнын 30-50 млрд теңге деп бағалаған. Ал оған кететін уақытты үш-бес жыл деп көрсеткен. Оның есебінше, қосымшаны әзірлеу шамамен 50-70 млн теңгеге түседі.

Төлешевтің пікірінше, карталар, кептеліс туралы ақпарат, алгоритмдер мен есептеу инфрақұрылымы әлдеқайда көп қаржы талап етеді. Жолаушылар мен жүргізушілерді тартуға арналған маркетинг пен бонустарға тағы 20-25 млрд теңге қажет деп есептеген.

Жолаушылар үшін бәсеке және бір сервиске тәуелді болу қаупі

Төлешевтің пікірінше, нарыққа жаңадан кірген компания технология жағынан ғана емес, пайдаланушыларға ұсынатын шарттары бойынша да бәсекелесуге тиіс. Жолаушылар үйреншікті сервисін ауыстыруы үшін оларға елеулі артықшылық ұсыну қажет. Мысал ретінде ол DiDi мен Bolt сервистерін атаған. Кәсіпкердің карточкаларында олардың Қазақстан нарығынан кеткені жазылған. Ал inDrive-ты ол бөлек қарастырған: оның пікірінше, жолаушы мен жүргізуші баға жөнінде келісетін сервис – өзгеше формат.

Сонымен қатар Төлешев бір ірі ойыншыға тәуелді болу қаупіне назар аударған. Ол карточкалардың біріне «Бір ойыншы – бір тәуекел» деген тақырып қойып, бұл мәселені 11 қазанда «Яндекс» жұмысында болған іркілістермен байланыстырған.

Яндекс жұмысындағы ақау

11 қазан күні Қазақстанда «Яндекстің» такси жүргізушілері мен курьерлеріне арналған сервистері ашылмай қалды. «Яндекс Go Qazaqstan» техникалық ақауларға байланысты мәлімдеме жасап, мамандар сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқанын хабарлады. Компания жекелеген технологиялық компоненттер әртүрлі елдердегі серверлерде орналасуы мүмкін екенін, сондықтан олардың біріндегі ақау бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал екенін түсіндірді. Іркілістер Ресейдегі «Яндекс» инфрақұрылымына жасалған шабуылдармен тұспа-тұс келді. 8 қазанда Рязань облысының Сасово қаласындағы дата-орталықтың жұмысы тоқтаған. Келесі күні Калуга облысындағы нысанның инфрақұрылымы ішінара істен шыққан. Ал 11 қазанға қараған түні Владимирдегі дата-орталыққа дрондар шабуыл жасап, нысанның жұмысы толық тоқтады. Дегенмен «Яндекс Go Qazaqstan» Қазақстандағы іркілістердің осы шабуылдармен тікелей байланысты екенін растаған жоқ.

«Яндекс Go»-дағы ақаудан кейін inDrive сервисіне сұраныс күрт артты. Компания басшысы Арсен Томский жүргізушілерді көбірек тарту үшін комиссияның төмендетілгенін мәлімдеді. Ол бағаның шамадан тыс өсуін тежеу мақсатында жолаушы мен жүргізуші арасындағы баға келісу ауқымын қосымша шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын да айтты.

Back to top button