“Әуелі Ресей тоқтатсын”: Зеленский Трампқа жауап берді
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтату туралы талабына жауап берді. Оның айтуынша, Киев мұндай қадамға Мәскеу Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдарын тоқтатқан жағдайда дайын, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Зеленский қандай шарт қойды
Украина президенті энергетика нысандарына жасалатын шабуылдарды тоқтату екі тарапқа да бірдей міндет жүктеуі керектігін айтты. Оның сөзінше, шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған кез келген қадам өзара келісімге және нақты кепілдіктерге сүйенуге тиіс.
«Еуропадағы соғыстың нақты себебі – Ресей және тек Ресей ғана. Энергетика нысандарына соққыларды бүгін-ақ тоқтатуға болады, бірақ Путин мұны қаламайды. Егер Ресей біздің энергетикалық инфрақұрылымымызға соққы беруді тоқтатса, Украина да Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққыларды тоқтатуға дайын болады. Шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған кез келген қадам өзара сипатта болып, нақты кепілдіктермен бекітілуі керек», – деді Зеленский.
Осылайша, Киев Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды тоқтату мүмкіндігін Мәскеудің әрекетімен тікелей байланыстырып отыр.
Бір аптада Украинаға қанша соққы жасалды
Зеленский соңғы шабуылдардың ауқымы туралы да мәлімет келтірді. Оның айтуынша, Ресей әскері бір апта ішінде Украинаға қарсы шамамен 1450 әуе бомбасын, 75 зымыран және 1640-тан астам соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданған.
Украина әуе қорғанысын күшейту үшін еуропалық серіктестерімен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Келіссөздерде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен оқ-дәрілерді қосымша жеткізу мәселесі талқыланып жатыр.