Яндекс Go сервисі Өзбекстанда да жұмыс істемей қалды
Ташкент пен Өзбекстанның басқа қалаларында Yandex Go пайдаланушылары сервистің жұмысында ақау пайда болғанын хабарлады. Компания қызметтерді мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге күш салып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz «Газета.uz» басылымына сілтеме жасап.
Yandex Uzbekistan өкілдері сервистің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатқанын хабарлаған. Компания пайдаланушылардың деректері қорғалғанын атап өткен. Сондай-ақ компания күрделі технологиялық сервистердің жұмысына едәуір есептеу қуаты қажет екенін түсіндірді. Мұндай сервистердің инфрақұрылымы бірнеше елдегі серверлерге бөлініп орналасады.
«„Яндекс“ секілді күрделі технологиялық сервистердің жұмыс істеуі үшін едәуір есептеу қуаты қажет. Мұндай сервистер үлестірілген есептеу инфрақұрылымын пайдаланады: міндеттердің әртүрлі бөлігі түрлі елдердегі серверлерде орындалады. Бір елдегі инфрақұрылымның жекелеген компонентінде болған ақау басқа елдегі кейбір функциялардың қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін», – деп түсіндірді компания.
Ресейдегі дата-орталыққа шабуыл жасалды
11 қазан күні таңертең Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» дата-орталығына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Компания нысанның инфрақұрылымы зақымданып, жұмысы толық тоқтағанын хабарлады.
Өзбекстандағы Yandex Go ақауы осы оқиғамен тұспа-тұс келді. Алайда Yandex Uzbekistan мәлімдемесінде сервистегі іркілістердің Владимирдегі дата-орталыққа жасалған шабуылмен тікелей байланысты екені нақтыланбаған.