$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
TOP-2Жаңалықтар

Freedom Афиша Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концерті жөнінде мәлімдеме жасады

Қайрат Нұртастың Шымкентте өткен концертіндегі жағдайға байланысты Freedom Афиша мәлімдеме жариялады,  деп хабарлайды Tizgin.kz.

10 қазанда Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті өткен. Кіреберісте дүрбелең туындап, адамдар қысылып қалған. Әлеуметтік желіде осы концерттен тараған фото-видеолар көптеп тарай бастады. Желі қолданушылары концертке барамыз деп жараланып қайттық деп жазған, кейбірі жедел жәрдемнің фотосуретін жариялады. «Адамдар есінен танып қалып жатты» дейді біреуі.

“Зардап шеккендер туралы жазбаларға біз де қатты алаңдаулымыз. Біз оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз және бұл жағдай әсер еткен барлық көрермен үшін шын жүректен уайымдап отырмыз. Қазір ең маңыздысы – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы. Freedom Афиша ұйымдастырушы мәлімдеген квота шеңберінде билет сатты, сондай-ақ алаңдағы билетті тексеру және білезік беру бойынша еріктілердің жұмысын ұйымдастырды. Ал алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру және күзет Freedom Афишаның жауапкершілік аймағына кірген жоқ. Біз барлық мән-жайды барынша объективті және ашық анықтауға тырысамыз. Өз тарапымыздан құқық қорғау органдарына толық жәрдем көрсетуге және бізде бар барлық ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық материалдары және біздің команданың алаңдағы жұмысы туралы деректерді ұсынуға дайынбыз”, – делінген хабарламада.

Болашақта мұндай жағдайдың алдын алу үшін қажет қорытынды жасау мақсатында, болған оқиғаның себептерін анықтауға көмектесу біз үшін өте маңызды дейді компания. Сондай-ақ жағдайды бірлесе талдауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге қатысуға даяр екенін білдіреді. “Егер сіз зардап шеккен болсаңыз немесе болған оқиға туралы ақпаратыңыз болса, +7 771 936 53 53 телефоны немесе help@ticketon.kz электронды поштасы арқылы хабарласуыңызды сұраймыз. Тексерілген ақпараттың түсуіне қарай қоғамды хабардар етіп отырамыз”, – делінген Freedom Афиша командасының мәлімдемесінде.

Back to top button