АҚШ президенті Дональд Трамп “Украинаға соғысты тоқтату жөнінде келісімге келе алатын жаңа басшы қажет” деп мәлімдеді. Ол Владимир Зеленскийді келіссөз мүмкіндіктерін пайдаланбады деп айыптап, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасауды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Трамп бұл мәлімдемесін 10 қазанда Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берген кезінде жасады.
«Жаңа басшы таңдауды ұсынамын»
АҚШ президентінің айтуынша, Зеленскийдің соғысты реттеу жөнінде келісімге келуге бірнеше рет мүмкіндігі болған. Алайда ол бұл мүмкіндіктерді пайдаланбаған деп есептейді.
«Мен Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы таңдауды ұсынамын. Қандай да бір себеппен Зеленский ешқашан келісім жасамайды», – деді Трамп.
Ол Украинада жаңа президент болатын уақыт келді деген пікірін де білдірді. Трамп бұған қоса, өзі президент болғанда Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталмас еді деген мәлімдемесін қайталады.
«Егер мен президент болғанда, бұл соғыс мүлде болмас еді. Ол ешқашан басталмас еді. Украина мен Ресей арасындағы бұл соғыстың басталуына ешқандай себеп болған жоқ. Ол біліксіздіктің кесірінен басталды», – деді АҚШ президенті.
Мұнай зауыттарына соққы
Трамп Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын да сынға алды. Оның сөзінше, Вашингтон Киевке мұндай соққылардың әлемдік дизель отыны нарығына әсері туралы ескерткен. АҚШ президенті бұл шабуылдар америкалық фермерлер мен мал өсірушілерге қиындық туғызып, өзге елдердегі отын тапшылығын күшейтуі мүмкін деп мәлімдеді.
«Нысана жеткілікті – мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасамаңдар. Бірақ ол барып, соққы жасады. […] Сондықтан ол мұны тоқтатқаны жөн, шайтан алғыр», – деді Трамп.
Осылайша, АҚШ президенті Ресейдің мұнай өңдеу нысандарына жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуды талап етіп, мұны әлемдік отын нарығындағы жағдаймен байланыстырды.