Жасанды интеллект және еңбек құқығы: Астанада үшжақты декларацияға қол қойылды

Астанада өткен «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумында мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері Астана үшжақты декларациясына қол қойды. Құжатта цифрландыру кезінде еңбек кепілдіктерін сақтау, жұмыскерлерді қайта даярлау және жасанды интеллект шешімдерін адамның қайта қарауы жөніндегі қағидаттар белгіленді, деп хабарлайды Tizgin.kz Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді
Екі күнге созылған форум Астанадағы «Alem-ai» жасанды интеллект халықаралық орталығында өтті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен ұйымдастырған жиын 7 қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек күніне және 10 қазан – Кәсіподақтар күніне орайластырылды. Сондай-ақ іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізілді.

Форумға мемлекеттік органдардың, Халықаралық еңбек ұйымының, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының және шетелдік кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Отандық және халықаралық IT-компаниялардың басшылары, ғалымдар мен сарапшылар да еңбек нарығындағы технологиялық өзгерістерді талқылады.
Форумда келтірілген сарапшылық мәліметке сәйкес, Қазақстанда 4,1 миллион адам жасанды интеллект ықпалымен өзгеретін кәсіптерде еңбек етеді. Осыған байланысты жұмыскерлердің жаңа дағдыларды меңгеруі, қайта даярлаудан өтуі және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтылуы негізгі мәселелердің бірі болды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин цифрлық жаңғыру кезінде еңбек адамының мүддесі басты назарда қалуы керек екенін айтты.
«Кәсіподақтардың міндеті – цифрлық трансформацияның ортасында еңбек адамы қалуын қамтамасыз ету. Негізгі мәселе – жаңа еңбек әлемінде адамға қандай орын берілетінінде», – деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев еңбек нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту және жұмыскерлердің жаңа дағдыларды меңгеруі жөніндегі мемлекеттік тәсілдерді таныстырды.
Ал «PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев өндіріске жаңа технологияларды енгізу мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тұрақты әріптестігін қажет ететінін атап өтті.
Декларация мен хартияда не көзделген?
Форумның негізгі нәтижесі – Цифрлық еңбек және жасанды интеллект туралы Астана үшжақты декларациясына қол қойылуы. Құжатты Сатыбалды Дәулеталин, Ербол Тұяқбаев және Қаныбек Жаңбырбаев бекітті. Декларацияға сәйкес, цифрлық технологиялар еңбек кепілдіктерін төмендетпей, өнімділік пен жұмыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталуы тиіс. Құжатта жұмыскерлердің өз еңбегіне қатысты жасанды интеллект қабылдаған шешімдер туралы уақтылы ақпарат алуы, сол шешімдердің түсіндірмесін сұрауы және оларды адамның қайта қарауын талап етуі жөніндегі қағидаттар қамтылған.

Тараптар жұмыскерлерді оқыту мен қайта даярлау, онлайн-платформаларда еңбек ететіндердің құқықтарын қорғау және цифрландыру салдарын ұжымдық келіссөздер арқылы қарау жөнінде міндеттемелер алды. Сонымен бірге Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды. Онда алгоритмдердің ашықтығы, дербес деректерді қорғау, кәсіби қайта даярлау және платформалар арқылы жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қамтылды.
Форум қатысушылары үш бағыт бойынша сарапшылық ұсыныстар әзірледі:
- Алгоритмдік басқару: ЖИ шешімдерінің ашықтығын, адамның бақылауын және шағымдану мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- Автоматтандыру: жұмыскерлерді қайта оқыту, жұмыс орындарын сақтау және технологиялық өзгерістердің әлеуметтік салдарын басқару;
- Платформалық еңбек: онлайн-платформаларда жұмыс істейтіндердің еңбек кепілдіктері мен ұжымдық қорғау тетіктерін дамыту.
Кәсіподақтар федерациясы Цифрлық жаңғыру жол картасын да ұсынды. Қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін Цифрлық еңбек және жасанды интеллект жөніндегі республикалық үшжақты платформа мен жұмыс топтарын құру, сондай-ақ мониторинг жүйесін енгізу туралы уағдаластық жасалды.
Қатысушылар технологиялық дамудың басты өлшемі адамның өмір сүру сапасы мен еңбек жағдайының жақсаруы болуы керек деген ортақ ұстанымға келді.