«Конвертпен» жалақы алатын азаматтарға Еңбек министрлігі ескерту жасады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының бір бөлігін ресми есепке алмай, «конвертпен» берудің салдары барын ескертті. Мұндай жағдайда қызметкердің әлеуметтік төлемдері мен зейнетақы жинағы азайып, еңбек дауы туындаса, азаматтарға нақты табысын дәлелдеуі қиындауы мүмкін. Бұл туралы министрліктің мәліметіне сүйенген Tizgin.kz хабарлайды.
Жасырын табыс төлемді азайтады
Ресми жалақы – еңбектің ақысы ғана емес, қызметкердің әлеуметтік қорғалуының да негізі. Табыс толық есепке алынып, міндетті төлемдер уақытында аударылса, бұл әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне және зейнетақы жинағына әсер етеді. Министрліктің түсіндіруінше, әлеуметтік төлемді есептегенде адамның қолына алған бүкіл ақшасы емес, әлеуметтік аударымдарды есептеуге негіз болған табысы ескеріледі. Сондықтан нақты жалақысы жоғары болғанымен, оның бір бөлігі ресми көрсетілмесе, тағайындалатын төлем күткенінен аз болуы мүмкін.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттіліктен, асыраушысынан немесе жұмыстан айырылған жағдайда қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылғандарға төлем қарастырылған.
Ведомство бала күтіміне байланысты төлемді шартты мысалмен түсіндірді. Егер соңғы 24 айдағы есепке алынатын орташа айлық табыс 300 мың теңге болса, 40 пайыздық коэффициентпен есептелген төлем айына 120 мың теңгені құрайды. Ал жалақының бір бөлігі жасырылып, ресми есептегі орташа табыс 150 мың теңге болса, төлем 60 мың теңге болады. Яғни айырма – ай сайын 60 мың теңге. Бұл сомалар міндетті зейнетақы жарналары ұсталғанға дейін көрсетілген. Нақты төлем әр адамның деректеріне және заңнамада белгіленген шектеулерге қарай есептеледі.
Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде алдыңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жасалған табыс ескеріледі. Демек, осы кезеңде жалақының толық көрсетілмеуі төлем мөлшеріне тікелей әсер етуі мүмкін. Жасырын жалақының ұзақ мерзімді салдары да бар. Зейнетақы жарналары толық аударылмаса, қызметкердің болашақ жинағы азаяды. Ал еңбек дауы кезінде нақты жалақы мөлшерін, жұмыс берушінің берешегін және өзге де тиесілі төлемдерді дәлелдеу қиындайды.
Жұмыс берушінің міндеті және қызметкердің құқығы
Министрлік еңбек шартының рәсімделмеуі адамды еңбек құқықтарынан автоматты түрде айырмайтынын атап өтті. Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, шарт жұмыс берушінің кінәсінен жасалмаса немесе тиісті түрде рәсімделмесе, еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындаған болып есептеледі. Жүктілік пен босану демалысына, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлердің демалысына қатысты жұмыс берушінің қосымша төлемі де қарастырылған. Егер бұл еңбек шартында, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде көзделсе, жұмыс беруші орташа жалақы мен жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем арасындағы айырманы төлейді.
Ведомство жалақыдан аударылатын төлемдердің мақсаты әртүрлі екенін түсіндірді. Салықтар бюджетке түседі, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын әлеуметтік аударымдар әлеуметтік тәуекел туындағанда жүйеге қатысушыларға төлем беру үшін жұмсалады. Қызметкерге еңбек шартындағы еңбекақы талаптарын тексеріп, есептелген жалақысы туралы мәлімет алып, әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарының түсуін тұрақты бақылау ұсынылады.
Әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты eGov.kz порталы, жекелеген банк қосымшалары, Қор филиалдары және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алуға болады. Жұмыс беруші еңбек шартын жасаудан жалтарса, қызметкер еңбек инспекциясына жүгіне алады. Ал міндетті аударымдар төленбесе, мемлекеттік кірістер органдарына хабарласу қажет.