TOP-1Жаңалықтар

Табысы салығынан көрінбей, үй мен көлік сатып алғандар тексеріске ілінеді

Ресми табыс көзі салығынан көрінбей, қымбат көлік немесе баспана сатып алған қазақстандықтардан салық органдары ақшаның қайдан келгенін түсіндіруді талап етеді. Тексерістер қалай жүргізілетінін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қандай мүліктен сұрақ туғызуы мүмкін

Журналистер вице-министрден “азаматтардың кірісі мен шығыны тұрақты түрде салыстырыла ма және олардың арасында сәйкессіздік анықталса, түсініктеме талап етіле ме?” деп сұрады. Тұрысовтың айтуынша, Smart Data Finance жүйесі екі жылға жуық жұмыс істеп тұр. Онда жеке және заңды тұлғалардың цифрлық профильдері қалыптастырылған. Бұл қолда бар деректерді талдауға мүмкіндік береді.

«Біз бұл кезеңнен өттік, автокөліктер мен жылжымайтын мүлікке қатысты хабарламалар жібердік. Қандай да бір сұрақ туындаса, заңға сәйкес қажетті жұмыстарды жүргіздік. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деді вице-министр.

Оның сөзінше, мәліметтер салық есептілігін тапсыру мерзімдері ескеріле отырып, салықтық рәсімдер аясында қайта тексеріледі. Вице-министр ресми табысы жоқ адамның қысқа мерзімде бірнеше қымбат мүлік сатып алуын мысалға келтірді.

«Мысалы, үйіңіз, пәтеріңіз, бес-алты автокөлігіңіз бар делік. Оларды соңғы екі-үш жылда сатып алдыңыз, бірақ ешқандай табыс көзіңіз де, жалақыңыз да жоқ. Әрине, тиісті сұрақтар туындайды», — деп түсіндірді Тұрысов.

Ол азаматтардан табыс көздері туралы мәлімет сұрату мүмкіндігі бұрыннан бар екенін атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, бұл тәртіп Салық кодексінде қарастырылған.

Табыс көзін растай алмағандарға не болады

Тұрысов заңнамада табыс көзін растай алмаған азаматтарға қатысты әртүрлі шара көзделгенін айтты. Алайда нақты қандай салдар болуы мүмкін екенін түсіндірмеді. Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінен жауап алуды ұсынды.

Десе де ашық дереккөздерге сүйенсек, ақшаның қайдан келгенін растай алмау өздігінен автоматты түрде айыппұл салынатынын білдірмейді. Жаза тек анықталған заңбұзушылыққа қарай қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндірмесіне сәйкес, салық салынатын табысты жасырғаны анықталса, төленбеген салық сомасының 200%-ы мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл 300%-ға дейін өседі. Бұл сома сатып алынған мүліктің құнынан емес, төленбеген салықтан есептеледі.

Ал міндетті декларацияда толық емес немесе дұрыс емес мәлімет көрсеткен адамға алғаш рет ескерту беріледі. Осы әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 3 АЕК айыппұл қарастырылған. Сондықтан ресми жалақының болмауын бірден табысты жасырумен теңестіруге болмайды: салық органдары сатып алуға жұмсалған қаражаттың қайдан келгенін және салық міндеттемесінің орындалғанын анықтауы керек.

Бұған дейін Tizgin.kz мобильді аударымдарды бақылау тәртібі туралы жазған. Сол материалда тұрақты түрде көп адамнан ақша алатын азаматтарға хабарлама жіберілуі мүмкін екені, ал аударымдардың жеке мақсатта жасалғанын құжаттармен түсіндіруге болатыны айтылған. Бақылаудың мақсатын тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау деп түсіндіреді салықшылар.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button