Путин орыс тілін “ТМД-ны біріктіретін қуатты күш” деп атады
Ресей президенті Владимир Путин Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құруды ұсынған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол бұл туралы ТМД мемлекеттері басшыларының шағын құрамдағы кездесуінде айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Путин не деді
Ресей президенті орыс тілін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кеңістігіндегі «қуатты біріктіруші күш» деп атады. Оның айтуынша, 2026 жылы Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым жұмысын бастаған. Мәскеуде ұйымның алғашқы министрлік отырысы өтіп, ортақ орыстілді мәдени-гуманитарлық мұраны сақтау және тілді кеңінен насихаттау бағыттары айқындалған.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, меніңше, осындай пайдалы құрылымды құруды ұсынған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тағы да ризашылығымды білдіргім келеді», — деді Ресей президенті.
Орыс тілін қолдау және ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйым құру тұжырымдамасы 2022 жылы 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген. Ал 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте ұйымды құру туралы шартқа қол қойылып, оның жарғысы қабылданды. Сол кездегі саммитте Тоқаев жаңа құрылымның барлық ел үшін ашық болатынын және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталатынын айтқан. Президент орыс тілін қолдау шаралары ұлттық бірегейлікті нығайтуға кедергі келтірмейтінін де атап өткен.
Кейін Ақорда жариялаған сұхбатында Қазақстан президенті бұл бастаманы ұсынғанда француз, неміс, испан және басқа тілдерді дамытуға арналған халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескергенін түсіндірді. Сондай-ақ ұйым құру идеясы Қазақстанның немесе өзге ТМД елдерінің мемлекеттік тіл саясатына балама ретінде ұсынылмағанын нақтылады.