«Қазақтелеком» АҚ жұмысы тергеле бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Талдау аясында байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне баға динамикасы да зерттелді. «Қазақтелеком» АҚ тарапынан көрсетілетін қызметке монополиялық жоғары баға белгілегені байқалады. Мәселен, 2024 жылы аталған байланыс операторында интернеттің жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. тарифтері бойынша бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жеткен. Осыған байланысты қазір агенттік операторға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр», – делінген жұма күні таратылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыс барысында байланыс қызметтері нарығындағы бірқатар кедергілер анықталған. Оларды жою аталған салада әділ бәсекенің дамуына ықпал етпек.
«Атап айтқанда, сымды (фиксирленген) интернет қызметтерін көрсету нарығындағы бәсекелестік жағдайға жүргізілген жоспарлы талдау барысында көпқабатты тұрғын үйлерде үйге интернет қызметін ұсыну кезінде өзге байланыс операторларының қолжетімділігін қиындататын кедергі анықталды. Азаматтардың сапалы байланыс қызметіне қол жеткізуі ажырамас қажеттілік болғандықтан, көпқабатты тұрғын үйлерде интернет қызметін көрсету үшін сымды байланыс желілерін бәсекелі жағдайда орналастыру ерекше маңызға ие. Алайда қолданыстағы заңнамалық шектеулер кейде тұрғын үйлерде өзге байланыс операторларының қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар операторлардың кабельді канализация желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қиындататын кедергі бар екені айтылды.
«Табиғи монополия субъектісі кабельді-канализациялық желілерге қосылуға рұқсат алу үшін жасалған сұраныстарға техникалық шарттарды ақылы негізде береді. Дегенмен табиғи монополиялар туралы заңнамада мұндай ақы алу көзделмеген. БҚДА ұсынымдарының негізінде радиожиілік спектрін (РЖС) бөлу саудасына қатысу үшін қатысушыдан кемінде алты облысты қамтитын ірі магистральды телекоммуникациялық және (немесе) ұялы байланыс желісінің болуын міндеттейтін талаптар нормативтік актілерден алынып тасталды», – деп қосты агенттік.
Қолданыстағы «Байланыс туралы» заңға виртуалды операторлардың қызметін құқықтық тұрғыда реттейтін, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының қуаттарын жалға алуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл байланыс нарығында бәсекенің даму әлеуетін арттырмақ.