Мәулен Әшімбаев тың жоба бастағанын мәлім етті
Бұрынғы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев “Taldau Lectures” атты зияткер, жаңашыл, белсенді мамандардың қауымдастығы жұмысын бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, taldau_community.kz аясында Taldau Lectures жобасы өз жұмысын бастаған. Бұл – жетекші сарапшылар, ғалымдар, түрлі саладағы беделді мамандар, сондай-ақ, Қауымдастық мүшелері ашық дәрістер өткізетін және өзекті мәселелер талқыланатын жаңа алаң. Алғашқы дәрісті арнайы қонағы, Мұсылман ақсақалдары кеңесінің бас хатшысы Мұхамед Әбделсалам оқыған. Ол өз сөзінде дінаралық татулықтың мәніне, мәдениеттер арасындағы түсіністік пен құрметті нығайтудың маңызына кеңірек тоқталған.

“Әлемде геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі таңда дінаралық келісім мен өркениетаралық диалогтың мәні зор екені сөзсіз. Мұндай тәжірибе қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімді арттыруға ықпал етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIIІ съезінде XXI ғасырда да діннің жасампаз күшке ие екеніне назар аударып, рухани дипломатияның мүмкіндігін өзекті сын-қатерлерді еңсеруде барынша тиімді пайдалану керектігін атап өткен еді. Бүгінгі дәрісте осы мәселеге баса мән берілді”, – дейді ол.
Әшімбаевтің айтуынша, жалпы, бұл жолда Мұсылман ақсақалдары кеңесі ауқымды жұмыс атқарып келеді. Кеңестің осы саладағы бастамалары бүгінде әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіне мол үлес қосып отыр.

“Сондықтан Мұхаммед Әбделсаламның Taldau Lectures жобасына келіп, дәріс өткізуін ерекше мәні бар оқиға деп есептейміз. Осы орайда, шақыруымызды қабыл алып, тағылымды ой-пікірімен және мол тәжірибесімен бөліскені үшін қадірлі досымызға айрықша алғысымызды білдіреміз”, – дейді ол.
Сөз соңында бұрынғы Сенат төрағасы алдағы уақытта Taldau Lectures жобасы мәртебелі меймандардың қатысуымен тың идеялар және жаңа тәжірибелер кәсіби тұрғыда зерделенетін дәстүрлі алаңға айналады деп сенетінін айтты.