Қазақстандағы алғашқы АЭС: құрылысқа дайындық қалай жүріп жатыр
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа 3 қыркүйекте қол қойылды. Алматы облысының Жамбыл ауданында жоспарланған станцияға «Балқаш» атауы берілді. Алайда келісімшарттың жасалуы алаңда бірден бетон құю басталады дегенді білдірмейді. Оған дейін ауқымды инженерлік зерттеулер жүргізіліп, жоба мен құрылыс инфрақұрылымы дайындалуы керек, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС энергетика тобының жетекші инженері Мади Азбергеновтің түсіндіруінше, алғашқы бетон — бірнеше бағытта қатар жүргізілетін дайындық жұмыстарының нәтижесі. Бұл жұмыстардың бір бөлігі негізгі келісімшартқа қол қойылғанға дейін басталған.
Алаңды зерттеу және қауіпсіздікті негіздеу
«Балқаш» АЭС-ін орналастыруға қолайлы алаңды анықтау үшін Жамбыл ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары 2025 жылғы 8 тамызда басталды.
Осы уақыт ішінде мамандар геофизикалық зерттеулер жүргізіп, ұңғымалар бұрғылады. Топырақ пен судың шамамен мың сынамасы алынып, гидрогеологиялық зерттеулер орындалды. Қазір аумақтың аэрометеорологиялық, гидрологиялық және өзге де табиғи жағдайларын бақылау жалғасып жатыр.
Бұл зерттеулер болашақ станцияның жобасын нақты алаңға бейімдеу үшін қажет. Жобалаушылар топырақ қабаттарының ерекшеліктерін, жерасты суларының орналасуын, аумақтың геологиялық құрылымы мен сейсмикалық сипаттамаларын ескеруі тиіс. Табиғи және климаттық жағдайлар да инженерлік шешімдерге тікелей әсер етеді.
Маманның айтуынша, АЭС жобасын бір өңірден екіншісіне өзгеріссіз көшіру мүмкін емес. Зерттеу нәтижелері станция нысандарының параметрлерін айқындауға және құрылыс шешімдерін әзірлеуге негіз болады. Дайындықтың тағы бір маңызды бөлігі – қауіпсіздікті негіздеу. Атом энергетикасында қауіпсіздік талаптары жобалау кезеңінен бастап ескеріледі. Мамандар ықтимал сыртқы әсерлерді бағалап, құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің сенімділігін есептейді. Станцияның бүкіл өмірлік цикліне қатысты талаптар да осы кезеңде қарастырылады.
Сондықтан негізгі құрылыс басталғанға дейін техникалық құжаттар мен есептеулердің едәуір бөлігі әзірленуі қажет.
Алғашқы бетонға дейін инфрақұрылым мен өндіріс дайын болуы тиіс
АЭС салу үшін реактор ғимаратының жобасын әзірлеумен шектелу жеткіліксіз. Алаңда мамандардың, техниканың және мердігер ұйымдардың жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылым болуы керек.
Оған кірме жолдар, инженерлік коммуникациялар, уақытша ғимараттар, өндірістік және қоймалық нысандар кіреді. Сонымен бірге құрылыс материалдары мен жабдықтарды жеткізу тәртібі ұйымдастырылады.
Бетон өндірісіне де ерекше талап қойылады. Атом нысаны үшін бетонның көлемімен қатар құрамы, сипаттамалары, өндіру, тасымалдау және төсеу технологиясы маңызды. Оның сапасын бақылау жүйесі де негізгі құрылыс жұмыстарына дейін дайындалуы тиіс. Бұл талаптардың сақталуы болашақ конструкциялардың сенімділігіне тікелей әсер етеді.
Күрделі технологиялық жабдықтарды дайындау мен жеткізу де алдын ала жоспарланады. Оларды өндіру ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сондықтан жабдықтардың сипаттамалары, жеткізу және монтаждау мерзімдері жобалық шешімдермен әрі құрылыстың жалпы кестесімен үйлестіріледі.
Мади Азбергеновтің түсіндіруінше, «алғашқы бетон» ұғымы әдетте реактор ғимаратына қатысты негізгі конструкцияны бетондау жұмыстарының басталуын білдіреді. Бұл сәтке дейін жобалық құжаттама, алаң, құрылыс инфрақұрылымы, өндірістік процестер мен сапаны бақылау жүйесі дайын болуы қажет.
Техникалық дайындықпен қатар отандық кәсіпорындарды жобаға тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін Қазақстанда қандай тауарларды өндіруге, қандай жұмыстар мен қызметтерді орындауға болатыны және қандай құзыреттерді дамыту қажет екені алдын ала анықталады.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС тапсырыс беруші әрі болашақ оператор ретінде жобаны дайындауға, серіктестермен және мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге, кадрлық әлеуетті қалыптастыруға қатысады.
Осылайша, алғашқы бетон құю – «Балқаш» АЭС-ін іске асырудағы маңызды белес. Оның артында инженерлік зерттеулер, жобалау, қауіпсіздікті негіздеу, инфрақұрылым әзірлеу және жабдықтарды дайындау секілді бірнеше жылға созылатын жұмыс тұрады.