Базалық мөлшерлеме 14,5%-ға дейін түсе ме – қаржыгерлер болжам жасады
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы өкілдері жуықта сауалнама жүргізді. Оған қатысқан сарапшылардың 85%-ы 23 қазан күні базалық мөлшерлеме төмендейді деген пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Теңге қалай құбылады
Қаржы нарығы өкілдерінің инфляция бойынша болжамы да жақсарған. Бір жылдан кейін инфляция 9,7% деңгейінде күтіледі. Сарапшылар бір ай бұрын оны 10,4% мөлшерінде бағалаған. Базалық мөлшерлеме бір жылда 14,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал.
Сарапшылардың теңге төңірегіндегі ойы да нақты. Олар қараша айының басында доллар бағамын 456,5 теңге, ал 12 айдан соң 502,6 теңге шамасында болады күтеді. Бұған Ұлттық банктің валюта сатуы мен мемлекеттік бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлар қаражатының келуі әсер етуі мүмкін.
Бір жылдан кейінгі мұнай бағасы
Ал Brent мұнайының 12 айдан кейінгі бағасы барреліне 79 доллар мөлшерінде болады болжанып отыр. Дегенмен Қазақстан экономикасының алдағы бір жылдағы өсімі 4,4% деңгейінде сақталады деген болжам бар.
Жалпы, Қазақстан қаржыгерлері Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсартуды жалғастырады деп күтіп отыр.