$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-2Жаңалықтар

Қазақстанда жәрдемақы белгілеу шарттары өзгереді: Үкімет қаулы қабылдады

Үкімет жәрдемақылардың тізімі мен оларды тағайындау, төлемді уақытша тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттарын бекітті. Құжатта жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау талаптары да белгіленген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылы 5 қазанда қабылданған қаулы 2027 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатын бағалау көзделген. Алайда бұл талап қолданылмайтын санаттар да бар.

Тізімге қандай жәрдемақылар енгізілді

Үкімет бекіткен тізімде жәрдемақының 10 түрі қамтылған:

  1. Бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы.
  2. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
  3. Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Ол бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға арналған. Күндізгі бөлімде оқитын 18 жастан асқан балалар да оқуын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын мерзімге есепке алынады.
  4. Марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Бұл санатқа «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар кіреді.
  5. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
  6. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Ол қайтыс болған асыраушының қарамағында болған, еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне тағайындалады.
  7. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
  8. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы.
  9. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға не қамқоршыға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы.
  10. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Отбасының әл-ауқаты қалай ескеріледі

Құжатқа сәйкес, жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлем мұқтаждық қағидаты бойынша, отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатын объективті бағалау негізінде беріледі.

Осы талап қолданылатын жағдайларда әлеуметтік әл-ауқаты жоғары – «А» деңгейіне немесе ауқатты – «В» деңгейіне жатқызылған адамдарға жәрдемақы мен жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындалмайды. Әл-ауқат деңгейі уәкілетті мемлекеттік органдар бекітетін әдістеме бойынша анықталады.

Дегенмен, әлеуметтік әл-ауқатты бағалау мына төлемдерді тағайындау кезінде қолданылмайды:

  • жасына байланысты зейнетақы алатын марапатталған көпбалалы аналардың жәрдемақысына;
  • мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін мүгедектік жәрдемақысына;
  • ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға тағайындалатын асыраушысынан айырылу жәрдемақысына;
  • жасына байланысты зейнетақы алушыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға;
  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға.

Әл-ауқатты бағалау үшін кәмелетке толған отбасы мүшелері мен төлемге үміткерлер дербес деректерін жинауға және тексеруге келісім беруі керек. Оған банк құпиясын құрайтын мәліметтер мен кредиттік міндеттемелер туралы ақпарат та кіреді.

Бағалау нәтижесінде алушы «А» немесе «В» деңгейіне жатқызылса, жәрдемақы төлеу уақытша тоқтатылады. Ай сайынғы бағалау оның әл-ауқаты қанағаттанарлық, экономикалық тұрғыдан осал немесе экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейге ауысқанын көрсетсе, төлем қайта басталады.

Back to top button