Жаңалықтар

Астанада ер адам 10 адамды алдап, 600 млн теңгеден астам шығын келтірген

Астанада өзін автосалон менеджері ретінде таныстырған ер адам азаматтарға «тиімді» көлік саудасын ұсынып, 600 млн теңгеден астам шығын келтірген. Ол 10 жағдай бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот мәліметінше, ол 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың наурызына дейін автокөлік саудасындағы тәжірибесін пайдаланып, өзін автосалон менеджері ретінде таныстырған. Ер адам азаматтарға көліктерін тиімді бағамен сатуға, айырбастауға көмектесетінін айтқан. Сондай-ақ кейбір көліктерді кейін ақы төлеу шартымен сатып алуды ұсынған.

Осылайша ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, оларға сатып алушылардың бар екені жайлы жалған ақпарат берген. Алданған азаматтар қымбат көліктерін мобильді банк қосымшасы арқылы ер адам көрсеткен тұлғалардың атына қайта рәсімдеген. Көліктерді иеленгеннен кейін сотталушы оларды үшінші тұлғаларға сатқан немесе өз қарыздарын өтеу үшін берген.

600 млн теңгелік шығын

Бұдан бөлек, сотталушы көлік сатып алушылардан көліктің құны ретінде алған ақшаны да иемденген.

«Нәтижесінде 10 жәбірленушіге жалпы сомасы 600 млн теңгеден асатын аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді», – деп хабарлады сот.

Сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескеріп, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Back to top button