«QazaqGaz Aimaq» АҚ өңірлерде жылу беру маусымын бастап кетті

Қазақстанның өңірлерінде жылу беру маусымы басталды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ газ тарату жүйелерінің 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге 100% дайындығын қыркүйектің екінші жартысында қамтамасыз етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Пайдалануға дайындық төлқұжаттары жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, биылғы 11 қыркүйекте бекітілді. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін 6 мыңнан астам өндірістік қызметкер жұмылдырылды. Мамандар шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін дайындады.

Қостанай және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында жылыту маусымы басталды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады, ал тұрғын үйлерді жылуға қосу қазан айында кезең-кезеңімен жүргізіледі. Маңғыстау облысында жылыту маусымы қазан айының ортасында басталады деп күтіліп отыр.
Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және Зайсан қалаларында да жылу беру басталды. Оңтүстік өңірлердің ішінде Қызылорда облысында жылыту маусымы басталып кетті. Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан
облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жергілікті деңгейде белгіленген мерзімдерге сәйкес жылу беру негізінен қазан айының ортасынан жоспарланған. Компания қызмет көрсететін барлық өңірдегі газ
инфрақұрылымы қысқы жағдайда жұмыс істеуге толық дайын.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары күзгі-қысқы кезеңге дайындықты өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастады. Жұмыстар «Интергаз Орталық Азия» АҚмен, коммуналдық қызметтермен, өңірлік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларымен және ірі кәсіпорындармен бірлесіп жүргізілді. Компания қызмет көрсететін барлық өңірде газбен жабдықтау жүйелерін күзгі-қысқы маусымға дайындауға жетекші техникалық қызметтер
жұмылдырылды. Олар регламенттік жұмыстарды, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмысын орындады.

Атап айтқанда, газ реттеу пункті мен шкафына (ГРП, ГРПШ, ШРП) ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ажырату құрылғысына қызмет көрсетілді. Электрохимиялық қорғау құралдарын жөндеу жұмыстары орындалып, газ құбырлары аспаптық тексеруден өтті. Негізгі дайындық іс-шаралары техникалық жұмыстардың 30-ға жуық түрін қамтиды. Өндірістік іс-шаралармен қатар компания мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмысын жалғастыруда. Олар табиғи газды қауіпсіз пайдалану және үнемді тұтыну қажеттігін еске салып, күнделікті үйлерді аралап, тұрғындарға жадынамалар таратады.
Анықтама үшін:
«QazaqGaz Aimaq» АҚ – Қазақстан Республикасындағы ең ірі газ тарату компаниясы. Компания еліміздің газдандырылған 14 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада газ тарату құбырларын пайдаланады. Бүгінде табиғи газ 13,2 млн қазақстандыққа қолжетімді. Компания тұтынушыларының саны 2,6 млн-ға жетті, ал пайдаланудағы газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 77 мың шақырымды құрайды. Компания газ тарату инфрақұрылымының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, газ желілері мен жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ тұтынушылардың газды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқарады.