“Жұмыс жүргізіліп жатыр”: Сайыров Украинадағы соғысқа әкетілген жастар жайлы не дейді

Депутат Ерлан Сайыров Ресейге жұмысқа барып, Украинадағы соғыс аймағынан бірақ шыққан қазақстандықтардың мәселесі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Украинадағы соғыс аумағына мәжбүрлі түрде әкетілген Қазақстан азаматтарының мәселесі қайта көтерілді. Олардың ата-аналары күні кеше Астанаға келіп, тиісті органдарға шағымын жеткізген. Ал Сыртқы істер министрлігі мұндай санаттағы қазақстандықтардың тізімі жасалып жатқанын хабарлады.
Бұл мәселе бойынша Tizgin.kz тілшісі Құрылтай депутаты Ерлан Сайыровтың пікірін сұрап білді. Депутат Үкіметтің дипломатиялық жабық арналар арқылы жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«Бұл мәселе бұрын да қозғалған. Бұл өте нәзік жағдай болғандықтан, жария түрде ешкімге ештеңе айта алмаймыз. Үкімет дипломатиялық каналдар бойынша бұл мәселемен айналысып жатыр», – деді Ерлан Сайыров.
Депутаттың айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, шетелге шығатын Қазақстан азаматтары қауіпсіздік мәселесіне барынша мұқият қарауы керек.
«Өздеріңіз геосаяси жағдайды көріп отырсыздар. Меніңше, егер ол азаматтар басқа елдерге баратын болса, заң мен тәртіпті сақтап жүру керек. Өздері сақ болу керек. Менің ойымша, әрбір азамат қадам жасаған кезде өте сақ болуы керек. Халықаралық жағдай күннен-күнге өзгеріп жатыр және қауіп-қатер көп болып жатыр», – деді депутат.