$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
ПікірСпорт

Ең көп жалақы алып отырып, елді осылай да масқара етуге де болады екен – Қуат Хамитов

Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Қазақстан мен Фарер аралдары құрамалары арасындағы матчынан кейін отандық футболшылардың жалақысы мен ойынын сынға алды. Ол спортшыларға алаңға шыққаны үшін емес, нәтижесіне қарай ақы төленуі керек деген пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Хамитов Фарер аралдары құрамасының екінші голы жарияланған видеоның астына пікір қалдырған. Геза Тури 63-минутта гол соққаннан кейін Қазақстан құрамасы 0:2 есебімен ұтылып жатқан еді. Спортшы футболшылардың табысы мен көрсеткен нәтижесі бір-біріне сай келмейді деп есептейді.

«Елімізде ең жоғары жалақы алып, елді осылай масқара етуге де болатынын білмеппін. Спортта алаңда жүргенің үшін емес, нәтиже үшін ақша төлейді деп ойлайтынмын. Иә, футболды мен тірі тұрғанда жабыңдаршы, сонда жаным тыныш болып өлер едім», – деп жазды Хамитов.

Кейін Қазақстан құрамасы есепті теңестірді. Сергей Малый 68-минутта алғашқы голды соқса, Нұралы Әліп 76-минутта екінші допты қақпаға енгізді. 6 қазанда «Астана Аренада» өткен Ұлттар лигасының кездесуі 2:2 есебімен аяқталды.

Ұлттық құрама төрт матчта жеңіске жете алмады

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының биылғы маусымындағы алғашқы төрт ойында бірде-бір жеңіске жеткен жоқ. 26 қыркүйекте команда сырт алаңда Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсті. Ал 29 қыркүйекте Словакияға 1:2 есебімен есе жіберді. Бұл кездесуде Рамазан Каримов есепті теңестіргенімен, қарсылас 82-минутта жеңіс голын соқты.

2 қазанда Қазақстан өз алаңында Молдова құрамасынан да 1:2 есебімен жеңілді. Сол ойында ұлттық құраманың жалғыз голын Нұралы Әліп соқты.

Фарер аралдарымен өткен қарымта кездесудегі тең нәтижені қосқанда, Қазақстан төрт турда екі рет тең ойнап, екі рет жеңілді. Осылайша, мүмкін болған 12 ұпайдың екеуін ғана жинады. Құраманың бұған дейінгі нәтижелері де көңіл көншітпеген. Биыл 10 маусымда Қазақстан Венгриямен өткен жолдастық матчта 1:3 есебімен ұтылды. Ал 2025 жылғы қарашада Фарер аралдарына қарсы жолдастық кездесуде 0:1 есебімен жеңілген еді.

Back to top button