$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31
Спорт

Қазақстан құрамасы Астанада Фарер аралдарымен ойнап тең түсті

Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы Фарер аралдарына қарсы матчта 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді. «Астана Аренада» өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Екі гол айырмасын жойды

Қонақтар есепті 22-минутта ашып, 63-минутта басымдығын екі голға жеткізді. Алайда кейін Фарер аралдарының бір ойыншысы алаңнан қуылып, командасы аз құрамда қалды.

Сан басымдығын пайдаланған Қазақстан құрамасы екі гол соғып, жеңілістен құтылды. Сергей Малы мен Нұралы Әліп мергендігімен көзге түсті. Максим Самородов нәтижелі пас берді.

Кездесудің соңында Малы да қызыл карточка алып, алаңнан қуылды. Осылайша екі команда да матчты он ойыншымен аяқтады.

Малы рекорд жаңартты, құрама соңғы орында қалды

Бұл кездесу Сергей Малы үшін ұлттық құрама сапындағы 77-матч болды. Ол Самат Смақовтың 76 ойындық көрсеткішінен асып, Қазақстан құрамасында ең көп матч өткізген футболшы атанды.

Төрт турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде екі ұпай бар. Ұлттық команда С3 тобында соңғы орында тұр.

Фарер аралдары құрамасы ұпай санын төртке жеткізді. Молдованың да еншісінде төрт ұпай болса, Словакия алты ұпаймен көш бастап тұр. Молдова мен Словакия арасындағы кездесу кейінірек өтеді.

Back to top button