Қазақстандықтардың табысы қымбатшылыққа ілесе алмай жатыр
2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5% өскенімен, халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Жылдың соңғы тоқсанында азаматтардың нақты ақшалай табысы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3% азайған. Ұлттық банктің қаржы тұрақтылығы туралы есебінде табыстың өсуі қымбатшылықты өтей алмай, тұтынудың несиеге тәуелділігі күшейгені көрсетілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Табыс өскенімен, сатып алу мүмкіндігі азайған
Экономиканың өсуі мен отбасының тұрмыс жағдайы бірдей көрсеткіш емес. Жалпы ішкі өнім елде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер көлемінің өзгерісін сипаттайды. Ал халықтың нақты табысы азаматтардың тапқан ақшасына қанша тауар мен қызмет сатып ала алатынын көрсетеді. Сондықтан жалақының немесе өзге кірістің теңгемен есептегенде көбеюі тұрмыс жақсарды дегенді әрдайым білдірмейді. Баға табыстан жылдам өссе, адамның қолына бұрынғыдан көп ақша түскенімен, сол ақшаға алатын заты азаяды. Ұлттық банк есебіндегі 2025 жылғы көрсеткіштер осыны аңғартады. Халықтың нақты ақшалай табысының индексі бірінші тоқсанда 100,7% болған. Екінші тоқсанда ол 99,2%-ға, үшінші тоқсанда 98,5%-ға, төртінші тоқсанда 97,7%-ға төмендеген.
Әр көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырылады. Демек, бірінші тоқсанда нақты табыс 0,7% өскен болса, екінші тоқсанда 0,8%, үшінші тоқсанда 1,5%, соңғы тоқсанда 2,3% азайған. Есепте бұл өзгеріс табыстың ақшалай өсімі инфляцияның әсерін өтей алмағанымен түсіндіріледі. 2025 жылдың қорытындысында инфляция 12,3%-ға жеткен. Бағаға қысым жасаған факторлардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі мен сырттан келетін тауарлардың қымбаттауы аталған.
Қымбатшылық табысы төмен отбасыларға әсіресе ауыр тиеді. Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылы ең төмен табысты отбасылар тұтыну шығынының 61,6%-ын азық-түлікке жұмсаған. Ең жоғары табысты отбасыларда бұл үлес 52% болған. Яғни табысы аз отбасының тұтынуға жұмсайтын әр жүз теңгесінің шамамен 62 теңгесі тамаққа кеткен. Азық-түлік қымбаттаған сайын мұндай отбасылардың басқа қажеттіліктерге ақша бөлу мүмкіндігі тарылады. Инфляцияны ескергендегі отбасылар шығыны да төмендеген: 2025 жылдың төртінші тоқсанында оның жылдық өзгерісі минус 4,4% болған. Бұл көрсеткішті де ақшалай шығынмен шатастырмау керек. Отбасы дүкенге бұрынғыдан көп ақша қалдыруы мүмкін, бірақ сатып алған тауары мен қызметінің көлемі азаюы ықтимал.
Табысқа жетпеген өсімнің орнын несие толтырып отыр
Нақты табыс төмендеген кезде қарыздың көбеюі отбасылардың қаржылық жағдайын күрделендіреді. Ұлттық банк экономикалық өсім мен халық табысының арасындағы алшақтық тұтынудың қарыз қаражатына тәуелділігін күшейтіп отырғанын көрсетеді. Несие бүгінгі қажеттілікті өтеуге көмектеседі. Бірақ оны қайтару міндеті келесі айлардың табысына түседі. Жалақы қымбатшылыққа ілесе алмаса, бұрын алынған қарызды төлеу мен күнделікті шығынды қатар жабу қиындайды. Есеп бойынша, отбасылардың салықтар мен міндетті төлемдерден кейінгі табысында қарызға қызмет көрсету шығынының үлесі 2019 жылғы 4,3%-дан 2025 жылы 5,9%-ға өскен. Ұлттық банк бір қарыз алушыға шаққандағы орташа берешектің ұлғаюы жалақы мен табыстың өсімінен озып отырғанын да атап өтеді. Бұл – халықтың бәрі бірдей несиесін төлей алмай жатыр деген сөз емес. Алайда қарыз табыстан жылдам көбейген сайын отбасының қаржылық қоры азаяды. Жұмысынан айырылу, табыстың қысқаруы немесе күтпеген шығын бұрын көтеруге болатын міндеттемені ауырлатуы мүмкін. Ұлттық банк те экономика баяулаған немесе жұмыссыздық өскен жағдайда қарыз алушылардың елеулі бөлігі осындай тәуекелге тап болуы ықтимал екенін көрсеткен.
Бұған дейін Tizgin.kz қазақстандықтардың қарызы табысынан жылдам өсіп жатқанын жазған. Есептің таныстырылымында Талғат Жарқынбай 2025 жылы төмендеген нақты табыс индексі 2026 жылдың бірінші тоқсанында бейтарап деңгейге оралғанын айтқан. Соған қарамастан, бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің өсімі номиналды табыстың өсімінен жоғары болып қалған.