Димаш жаңа турнесі қарсаңында жанкүйерлеріне жазба арнады

Димаш Құдайберген 18 қазанда басталатын жаңа әлемдік DIMENSIONS концерттік турнесі қарсаңында жанкүйерлеріне үн қатты. Әнші әлеуметтік желіде бұған дейінгі STRANGER турнесінен естелік жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
32 жастағы әнші Instagram парақшасына бір жыл бұрын Мексикада өткен концерттерінен бейнеүзінділер жүктеген.
«Бұл – Мексика еді. Бірақ сол сезім… менімен бірге барлық жерде болды. Әр қалада. Әр сахнада. Әрқайсыңызбен бірге. STRANGER маған өмір бойы жадымда сақталатын естеліктер сыйлады. Екі аптаға жетпей мен софит жарығына қайта шығамын. Жаңа тур. DIMENSIONS. Кездескенше», – деп жазды Димаш.
Әншінің жазбасына әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлері пікір қалдырып, жаңа турды асыға күтіп жүргендерін жеткізді.
«Мексика сені жақсы көреді! Жақында сені қайта көреміз», «Жаңа тур баршаға бұдан да көп шаттық пен қуаныш сыйласын» деп жазды олар.
Димаш Құдайбергеннің жаңа DIMENSIONS әлемдік концерттік турнесі 18 қазанда басталады.