Шымкентте адамды ұрлап әкетіп өлтіргендер ісі: прокурор сотталушыларды ұзақ жылға соттауды сұрады
Шымкентте 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлап әкетіп, өлтіргендер ісі бойынша сотта тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Мұхтар Арыстанов сотталушыларға 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл – марқұмның әкесінің кешірім бергенін ескере отырып сұралған жаза. Екінші жәбірленуші Мақсат Көшкенбаев сотталушылардың барлығын кінәлі деп тануды талап етіп, оларға кешірім бермейтінін мәлімдеді. Ал жәбірленушінің өкілі ретінде қатысып отырған Василий Колесниковтың әкесі жарыссөзде әлі сөз сөйлеген жоқ. Ол өзінің түпкілікті ұстанымын өзгертуі мүмкін. Сотталушылардың адвокаттары соттан оларды адам өлтіру айыбы бойынша ақтап, тек бұзақылық пен адам ұрлау бойынша кінәлі деп тануды сұрап отыр”, – дейді іс бойынша адвокат Талғат Есімов.
Василий Колесниковты қалай өлтірді
Күрестен спорт шебері Василий Колесников биыл 20 қаңтарда бірнеше кісінің қолынан мерт болған. Әуелі жол үстіндегі жағдай кәдімгі көлік апатынан кейін басталғандай әсер қалдырған, арты жаппай төбелеске ұқсаған. Алайда кейін адвокат Колесниковты арнайы торуылға түсіру үшін жол апаты әдейі ұйымдастырылуы мүмкін екенін мәлім етті. Оқиғадан кейін жарияланған бейнежазбадан жол бойына бір топ адамның жиналғаны көрінеді. Артынша төбелес басталып, бірнеше адам Колесниковты күшпен көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
«Василий Колесниковқа жол-көлік оқиғасын әдейі ұйымдастыру арқылы торуыл жасалған. Кейін оған тұтқиылдан шабуылдап, пышақтармен және тапаншаға ұқсас затпен қорқытқан. Соққыға жығып, белгісіз бағытқа күштеп әкеткен», – деді адвокат.
Ұрланған ер адамды бірнеше сағат бойы іздеген. Сол күні-ақ оның сау-тамтығы қалмаған денесі Түркістан облысының Ордабасы ауданында аурухана маңында табылды.
Атышулы қылмыстық іс бойынша алты адам айыпталушы ретінде жауапқа тартылған.