$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Сараптама

Жолға салынған триллиондар: Қазақстанның көлік картасы қалай өзгеріп жатыр

Жолға жұмсалған қаржы ел экономикасына қалай қайтады

Ашық деректерге сүйенсек, кейінгі 25 жылда мемлекет елдегі жол сапасын жақсартып, көлік логистикасын дамытуға триллиондаған теңге жұмсалған. Сол қаражаттың нәтижесі қандай? Қазақстан жолды күтіп ұстау кезеңінен тиімді басқару кезеңіне өте алды ма? Бүгінгі материалда осы сұрақтарға жауап іздейміз.

13,9 млрд теңгеден триллиондарға дейін

2000 жылы республикалық бюджеттен жол жұмыстарына 13,9 млрд теңге бөлінсе, 2001 жылға 24,5 млрд теңге жоспарланды. 2001-2005 жылдары автожол саласына бюджеттен бөлінген қаражат жыл сайын өсті. Жол салуға, реконструкциялау мен қалпына келтіруге 2001 жылы 18,2 млрд теңге жұмсалса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 39,3 млрд теңгеге жетті. Ал жөндеу мен күтіп ұстауға жұмсалған қаржы 5,2 млрд теңгеден 15,6 млрд теңгеге дейін көбейді.

2006-2012 жылдарға арналған бағдарлама автожол саласына жалпы 1,283 трлн теңге қарастырды. Оның 830 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған бөлігі басқа қаржыландыру көздеріненалынатын болды.

2012 жылға қарай 2001 жылдан бері жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын қалпына келтіруге және пайдалануға 1,4537 трлн теңге бағытталған. Оның 75%-ы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі болды. Осы кезеңде 45,2 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылып, 14,8 мың шақырым толық қалпына келтірілді. Ресми бағалауда бұл жалпы пайдаланымдағы жолдардың жағдайын 31%-ға жақсартуға мүмкіндік берген.

2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада бұл салаға 1,2 трлн теңге жоспарланды. Оның ішінде 2012 жылы 234,8 млрд, 2013 жылы 283,5 млрд, 2014 жылы 289 млрд теңге қарастырылған. Ал 2017-2020 жылдары тек республикалық маңызы бар жолдарды салу мен реконструкциялауға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы 187,1 млрд теңгеден 58,7 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Кейінгі жылдары да жол саласы ірі мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарының бірі болып қалды. Мысалы, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасында автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңге деп белгіленді. Бағдарлама аясында 10 мың шақырым жол салу және реконструкциялау, республикалық желідегі 11 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланды.

2025 жылдың өзінде автомобиль жолдарын дамытуға республикалық бюджеттен 423 млрд теңге қарастырылды. Оның 181 млрд теңгесі республикалық деңгейдегі жолдарға, 180 млрд теңгесі «ҚазАвтоЖол» міндеттемелеріне, 56 млрд теңгесі күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталды.

Былтыр құрылыс және жөндеу жұмыстары барлық санаттағы 13 мың шақырымға жуық жолды қамтыды. Енді осы ақшаның нәтижесіне қарайық.

Жолға салған ақша сапаға айналды ма

Бұл сұраққа жауап беретін ең нақты көрсеткіштердің бірі – жолдың техникалық жағдайы. 2013-2021 жылдары республикалық жолдардың жақсы жағдайдағы бөлігі 7 045 шақырымнан 12 786 шақырымға дейін өсті. Үлесі 30%-дан 51%-ға көтерілді. Ал жағдайы нашар жолдардың ұзындығы 4 932 шақырымнан 2 584 шақырымға дейін қысқарды. Үлесі 21%-дан 10%-ға түсті. Яғни жақсы жолдардың үлесі шамамен 21 пайыз өсті, ал нашар жолдардың үлесі екі еседен астам қысқарды.

Жолға салған ақшаның қайтарымы көлік дәліздерінің сапасымен ғана өлшенбейді. Транзит пен тасымалды қолайлы әрі ашық ету, жол бойындағы сервисті дамыту арқылы елдің географиялық орнын табыс көзіне айналдыруға болады. Қазақстан экономикасында кейінгі жылдары осы бағытқа баса көңіл бөлініп отыр. Ол үшін жүк тасымалы арзандап, жолға кететін уақыт қысқару қажет. Өңірлер арасындағы сауда өсіп, халықаралық транзит көбею керек.

Үкімет «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасныда транзиттен түсетін кірістің 180 млрд теңгеден 782,4 млрд теңгеге дейін өскенін хабарлаған. Контейнерлік транзит көлемі де 271 мың TEU-дан (ұзындығы 20 футтық стандартты контейнерге тең шартты өлшем бірлігі) 825 мың TEU-ға дейін ұлғайған. Бұл көлем теміржол, шекара инфрақұрылымы, кеден, логистикалық орталықтар мен халықаралық сауда бағыттарын түгел қамтиды. Қалай десек те Қазақстан жол инфрақұрылымын ішкі қатынас құралы ғана емес, транзиттік экономика үшін актив ретінде қарастырып отыр.

Жол қадірін ақы төлеп жүрген біледі

Мемлекет үшін автожолдың экономикалық тиімділігін өлшеудің тағы бір құралы – ақылы жолдар. Бұрын жол салу мен оны кейін күтіп ұстау негізінен бюджетке тәуелді болса, ақылы модель шығынның бір бөлігін тікелей пайдаланушыға жүктейді. 2023 жылы ақылы жолдардан 32 млрд теңге түсім жиналды. 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 48 млрд теңгеге, ал 2025 жылы 86 млрд теңгеге жетті. Бір жылда ақылы жолдармен 70 миллионнан астам көлік жүріп өткен.

2025 жылы ақылы учаскелердің жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымнан 5,2 мың шақырымға дейін ұлғайды. мемлекет үшін таза пайда емес. Аталған 86 млрд теңге ақылы жолдардың өзін күтіп ұстауға, ағымдық және орташа жөндеуге, техника сатып алып, төлем жүйесін басқаруға жұмсалады. Ең бастысы, экономикалық логика өзгерді. Енді жол бюджеттің шығыс бөілігі ғана емес, пайдаланушы төлейтін инфрақұрылымдық актив ретінде басқарылады. Бұл – Қазақстанның жол саясатындағы маңызды кезең.

Жолдың шақырымын ғана емес, «ғұмырын» ұзарту қажет

Қазақстанның жол саясаты біртіндеп осы бағытқа жылжып келеді. Мемлекеттік жоспарларда қалыпқа сай республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 2025 жылы 94%-ға, 2026 жылы 95%-ға, 2027 жылы 96%-ға, кейін 100%-ға жеткізу мақсаты қойылған. Сонымен бірге 2025 жылдан бастап республикалық жолдарды үнемі бақылауда ұстап, бүлінген тұсын сол мезетте қалыпқа келтіру қағидаты іске қосылды. Бұл тәсілдің мәні қарапайым: жолды бір рет салып, кейін қайта-қайта жөндей беру емес, оның бүкіл өмірлік циклін басқару. Бір шақырымға қанша ақша жұмсалды, жол қанша жыл қызмет етті, қанша жүк өтті, қанша уақыт пен шығын үнемделді, қанша транзит тартылды, жол пайдаланушылардан қанша қаржы түсті? Салаға бөлінген триллиондардың ендігі сынағы осы бағытта болмақ.

Түйіндеп айтсақ, 2000 жылдары басты міндет жолды сақтап қалу және ең проблемалы учаскелерді қалпына келтіру еді. Кейін халықаралық дәліздерді жаңарту, өңірлерді байланыстыру, транзитті дамыту, жол сапасын көтеру басты орынға шықты. Ал үшінші кезеңде салынған жолдың экономикалық тиімділігін ұзақ уақыт сақтау басым бағытқа айналды. жобаларынан біржола бас тартты деген сөз емес.

Үкімет қаржыны елдің көлік картасын өзгертетін ірі магистральдарға бағыттап отыр. Мысалы, 400 шақырымдық Қызылорда-Жезқазған жолы Сыр өңірі мен Ұлытау облысын тіке жалғап, оңтүстік пен орталық арасындағы байланысты күшейтеді. Жолдың Қызылорда облысындағы 192 шақырымы аяқталған, қалған 208 шақырымындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Онымен қатар Жезқазған-Қарағанды бағыты жаңғыртылып жатыр. Ұзындығы 572 шақырым болатын жоба 2026 жылы басталды. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысы арқылы өтеді. Бұл бағыт Жезқазғанды Қарағандымен байланыстырып қана қоймай, оңтүстік пен орталық өңірлерден солтүстікке қарай өтетін көлік байланысын күшейтеді.

Жезқазғанның айналасындағы тағы бір маңызды бағыт – Жезқазған-Арқалық-Петропавл жолы. Ұзындығы 929 шақырым болатын бұл жоба 2030-2035 жылдарға жоспарланған стратегиялық жобалар портфеліне енгізілген.

Ал батыс бағытында Қызылорда-Ақтөбе дәлізіне ерекше мән беріліп отыр. Оның құрамына Қызылорда-Сексеуіл, Ұлғайсын-Сексеуіл, Ақтөбе-Ұлғайсын және Бейнеу-Сексеуіл учаскелері кіреді. Бұл бағыт халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін күшейтіп, Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерін байланыстыруға бағытталған.

Стратегиялық жобалардың қатарында Орталық – Батыс (Астана-Ырғыз) бағыты да бар, оның ұзындығы 896 шақырым. Бұған қоса Жезқазған-Петропавл, Атырау-Орал, Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы, Алматы-Шелек- Қорғас сияқты бағыттарда ірі құрылыс немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жылдар бойы мемлекет назарына көп іліге бермеген Жезқазғанның оңтүстікпен, Қарағандымен, солтүстікпен байланысуы, Қызылорданың Ақтөбе бағыты арқылы батысқа шығуы, Алматының Қорғас бағытымен байланысуы – біртұтас транзиттік желінің элементтері.

Back to top button