$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Білім

«Жемқорлық мектептен басталады»: желі қолданушысы ата-аналар чатында ақша жинауды сынға алды

Желі қолданушысы Рабиға Медет ата-аналар чатында мұғалімдерге мереке сайын ақша жинап, конвертпен сыйлық беру әдетін сынға алды. Ол мұндай әрекеттерден жемқорлықтың басталатынын жазған, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Рабиға Медет ата-аналар чатында ақша жинау мәселесі Мұғалімдер күні, 1 қыркүйек, Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 Наурыз және өзге де мерекелер қарсаңында жиі көтерілетінін жазды.

Оның сөзінше, кейбір ата-аналар ақшаны мұғалімге қалай білдірмей жеткізуге болатынын да талқылайды.

«Ақша жинап, конвертті бөлме гүлінің түбіне тығып кетейік», «Kaspi арқылы жіберсек, біліп қоя ма?», «Мектептің жанында көзге түспей-ақ қояйық, сыйлықты үйінің кіреберісінде берсек қайтеді?» – деп ол ата-аналар чатындағы әңгімені мысалға келтірді.

Ата-аналар чатындағы қысым

Сондай-ақ желі қолданушысы ақша жинауға қарсы болған ата-аналардың өздері қысымға ұшырауы мүмкін екенін де жазған. Сөзінше, сыйлыққа ақша бермеген ата-ананың аты конвертте арнайы көрсетілген.

«Бізден сыйлық. Тек Мединаның анасынан емес» деп жазып қояды. Бұл буллинг емес пе? Біз күресіп жүрген нәрсе осы емес пе?» – дейді ол.

Рабиға Медет мұғалімге өз қалауымен гүл сыйлауға қарсы емес екенін, педагогтердің еңбегін бағалайтынын да айтты. Алайда әр мереке сайын ақша жинауды түсінбейтінін жазған.

«Жемқорлық мектептен қалыптасады»

Жазба авторы мектептегі мұндай әдетті қоғамдағы жемқорлық мәселесімен байланыстырады.

«Мұғалімнің ықыласын сыйлықпен сатып алу, университетте сынақтан өту үшін ақша беру, қызметке орналасу үшін пара төлеу, қылмыстан ақша арқылы құтылып кету… Мұның бәрі – бір жүйе, бір ойлау тәсілі. Ал оның бастауы мектептен-ақ қалыптасады. Әлемді өзгертпей-ақ қойыңдар, алдымен өздеріңді өзгертіңдер! Мұның неге маған соншалықты қатты әсер ететінін өзім де түсіндіре алмаймын», – деп жазды ол.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button