Әйелдің баланы ернінен сүйген видеосынан соң полиция тексеріс бастады
Әлеуметтік желіде көлік ішінде әйелдің баланы ернінен сүйген видеосы тарап, көпшілік талқысына түсті. Астана полициясы видеодағы 23 жастағы бойжеткенді анықтап, оған қатысты тексеріс бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Белгілі болғандай, видеодағы бойжеткен – баланың анасының құрбысы. Ал болған жағдайды баланың анасы өзі телефонға түсірген.
Полиция құқықтық баға береді
Астана қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының мәліметінше, қазір 23 жастағы бойжеткенге қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Тексеріс аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары болған оқиғаға құқықтық баға береді», – деп хабарлады полиция.
Ал баланың анасы баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Видеоның түпкі мән-жайы мен оған қатысты өзге құқықтық шешімдер тексеріс қорытындысынан кейін белгілі болады.