Оқиға

«Көлік басып, қиналып жатқан інімді сабап өлтірді»: Бейнеуде төбелесте жас жігіт жазым болды

Маңғыстау облысы Бейнеу ауылында бірнеше күн бұрын болған төбелесте Бақдәулет Жалғасқан атты жас жігіт жазым болды. Туған-туыстарының айтуынша, Бақдәулетті ондаған жігіт жабылып ұрған. Көлік басып кеткен жігітті жан тапсырғанша аямаған. Соған қарамастан, Бақдәулеттің туған-туыстары қылмыстық іс «кісі өлтіру» бабымен емес, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен қозғалғанына наразы болып отыр. Олар үндеу де жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қылмыстың өзі 14 тамызда болған. Бақдәулет Жалғасқанның туған әпкесі Сәния Жалғасқан үндеуінде оқиғаны былай баяндайды.

“12 тамызда Қалдығараев пен Алтынсарин мектебі балаларының арасында жанжал туындаған. Бірақ менің інім Бақдәулет пен Б. есімді бала өзара келісімге келген. Сол жерде «бәрі жақсы» деп, ініммен келісіп кеткен. Бірақ сол бала кек сақтап, 13-нен 14-не қараған түні достарымен жүрген інімді аңдыған. Інім мен достарын үш-төрт бала шақырып алған. Ар жағынан 20-30 шақты бала жабылып, інімнің аузынан кастетпен ұрып құлатқан. Бәрі көліктен шыққан екі балаға жабылып кеткен. Ал көлікте қалған інімнің достары төбелестен қашу үшін алды-артына қарамай, көлікті оталдырып, інімді басып кеткен”, – дейді Сәния Жалғасқан.

Оның айтуынша, көліктің астында қалып, қиналып жатқан інісін жағдайына қарамай Қалдығараев мектебінің балалары сабап, үстіне секірген.

“Соның салдарынан інім Жалғасханның қабырға сүйегі мен жамбас сүйегі сынған. Бұл ауыр соққыны көтере алмай, інім ажал құшты. Қазір күдікті болып отырған өз балаларының жасаған әрекеттерін біле тұра жалған ақпарат таратып, шындықтан жалтарып отыр. Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша іс қозғалып жатыр. Алайда қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалғанын талап етеміз”, – дейді ол.

Бақдәулет Жалғасқанның жиен әпкесі Арайлым Ғалымбетова осы іс бойынша төбелеске қатысқан 20 баланың бәрі жазаға тартылғанын талап етеді. “Төбелес болғаны факт. Оларды ұрғандары факт. Сол себепті ешқандай да «менің балам қатысқан жоқ» дегендерге сенбеулеріңізді сұраймыз” дейді ол.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Маңғыстау облысының полиция департаменті 14 тамызда түнде Бейнеу ауданында жас жігіттер төбелесіп, соның салдарынан олардың бірі жан тапсырғанын растайды. Ресми мәлімет бойынша, бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлері бірден 14 адамды ұстап, уақытша оқшаулағышқа қамаған. “Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді түрде жедел тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Азаматтарды жалған ақпараттарға сенбей, тек ресми мәліметтерге сенім артуға шақырамыз” делінген департамент таратқан хабарламада.

Tizgin.kz порталы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, қылмыстық іс қандай баптар бойынша қозғалғанын сұраған. Алайда департамент нақтылап, жауап бермеді.

БЕЙНЕУДЕГІ ТАҒЫ БІР ӨЛІМ

Осыған ұқсас оқиғаға байланысты жақында сот үкімі шыққан еді. Дәл осы Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында 11-ші сыныпты биыл бітіргелі отырған Сағындық Құрмания биыл сәуірде кісі қолынан жан тапсырған. Оны өлтірді деген айыппен өз ауылдасы — жасы үлкен бір адам сотталған еді. Алайда Сағындықтың әке-шешесі «ол жерде алты адам болған, олар да сотталуы керек еді» деп, үкіммен келіспей, президентке дейін шағымданғалы отыр.

Back to top button