Қазақстанда қой еті ай сайын қымбаттап барады
Қазақстан қой мен ешкі етін шетелге бұрынғыдан көбірек шығара бастады. Биыл қаңтар–шілдеде экспорт көлемі 18,7 мың тоннаға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 28,7%-ға өскен. Ranking.kz сараптамасына сүйенсек, елде өндірілген мұндай еттің әр төртінші тоннасы шетелге жөнелтіліп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, экспорт көлемінің өсуі былтырдан бері байқалады. 2025 жылы Қазақстан шетелге алдыңғы жылмен салыстырғанда қой мен ешкі етін екі есе көп шығарған.
Соған қарамастан, қазіргі көрсеткіштер ішкі нарықта ет тапшылығы барын көрсетпейді. Биылғы жеті айда Қазақстан ішінде 56,2 мың тонна қой мен ешкі еті сатылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі деңгеймен бірдей.
Экспорттың 97,9%-ы Өзбекстанға кетеді
Қазақстан қой мен ешкі етін 10-нан астам мемлекетке сатады. Алайда экспорттың басым бөлігі бір ғана елге тиесілі.
Қазақстаннан экспортталатын қой мен ешкі етінің 97,9%-ын Өзбекстан сатып алады.
2026 жылдың қаңтар–шілдесінде көрші ел Қазақстаннан ұсақ мал етін сатып алу көлемін 37,3%-ға арттырып, 18,3 мың тоннаға жеткізген. Экспорттың ақшалай көлемі 2,5 есе өсіп, 51,5 млн долларға жетті.
Өзбекстандағы сұраныстың артуына ондағы инфляция мен Қазақстандағы қой етінің салыстырмалы түрде арзан болуы әсер етіп отыр. Ашық деректерге сәйкес, қазан айының басында қой етінің бір келісі Өзбекстанда шамамен 11,4 доллар, Қазақстанда 10,2 доллар тұрған.
Қазақстан қой етін БАӘ, Тәжікстан, Катар, Кувейт және басқа мемлекеттерге де экспорттайды. Алайда олардың жалпы экспорттағы үлесі айтарлықтай аз.
Өндіріс те қайта өсе бастады
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021–2024 жылдары Қазақстанда қой мен ешкі етін өндіру 17,9%-ға азайып, 175,5 мың тоннадан 148,9 мың тоннаға дейін төмендеген.
2025 жылдан бастап жағдай өзгере бастады. Былтыр өндіріс 152,3 мың тоннаға жетсе, биылғы қаңтар–шілдеде 74,9 мың тонна қой мен ешкі еті өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6%-ға көп.
Мал басы да көбейген. Қаңтар–тамызда Қазақстандағы ұсақ мал саны 23,3 млн басқа жетіп, бір жылда 2,9%-ға артты.
Ең көп қой мен ешкі Түркістан облысында – 5,1 млн бас. Одан кейін Жамбыл облысы – 3,6 млн, Алматы облысы – 2,8 млн және Жетісу облысы – 2 млн бас.
Қой еті бір жылда 24,5%-ға қымбаттады
Экспорттың ұлғаюымен қатар ішкі нарықта қой етінің бағасы да айтарлықтай өскен. ҰСБ мәліметінше, биыл тамызда қой етінің бағасы 2025 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 24,5%-ға қымбаттады.
Бұл баға бір айда бірден төрттен бірге өсті дегенді білдірмейді. Қой еті кейінгі бір жыл бойы ай сайын біртіндеп қымбаттап отырған.
Биыл ең жоғары айлық өсім мамырда тіркелді. Сол кезде қой еті бір айда 4,7%-ға қымбаттаған. Маусымда баға тағы 4,2%-ға өсті.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенген БАҚ хабарларында ішкі нарықтағы бағаға экспорттық сұраныстың жоғары болуы да әсер етіп отырғаны айтылған.