Маңғыстауда Ыбықты сайдағы жартасқа тағы жазу жазған күдікті ұсталды
Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалында вандализм дерегі тағы тіркелді. Жартасқа жазу жазған адамның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция 34 жастағы күдіктінің ұсталғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Жартасқа жазу жазған сәті видеоға түскен
Бірнеше күн бұрын Instagram желісіндегі 911.aktau парақшасында Ыбықты сайда түсірілген видео жарияланған. Кадрларда ер адамның жартас бетіне жазу жазып жатқаны көрінеді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі табиғи нысан аумағындағы вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«34 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Ведомство табиғи нысандарды бүлдіруге жол берілмейтінін ескертті. Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылады.
Ыбықты сайда мұндай оқиға бұған дейін де тіркелген. Биыл мамырда полиция шатқалдағы жартасқа өз есімі мен көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып кеткен ер адамды анықтаған. Ол туралы видео да әлеуметтік желіде жарияланған.