$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Бір мекеме екіншісіне сілтейді»: Ақтөбе маңындағы ауыл тұрғындары жол жөндеуді 20 жылдан бері күтіп жүр

Ақтөбе маңындағы Қурайлы ауылының тұрғындары Әлия Молдағұлова көшесінің жөнделмей жатқанына шағымданды. Олардың жол мәселесін көтеріп жүргеніне 20 жыл болған, ал жергілікті билік жөндеу жүргізуге 11 жыл бұрын уәде берген. Бұл туралы «Жетінші арнаға» сілтеме жасап, Tizgin.kz хабарлайды.

Тұрғындар: жауап іздеп, мекемелер арасында жүрміз

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Әлия Молдағұлова көшесі – ауылдағы асфальт төселмеген жалғыз көше. Жұрт әкімдікке талай рет жүгінгенімен, мәселе шешілмегенін айтады. Ауыл тұрғыны Ғалима Иманғалиева жолды жөндету үшін жолдаған өтініштері мен шағымдарының бір бума болғанын көрсеткен. Алайда нақты жауап алудың өзі қиынға соққан.

«Бұл көшеге Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілген. Жолды жөндеу жөнінде бірнеше рет жүгіндік, өзім де талай өтініш бердім. Міне, бір бума құжат, сұрау мен шағым. Бізді бір мекемеден екіншісіне жібере береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барсақ, мәслихатқа жазыңдар дейді. Мәслихат әкімдік жауап береді дейді. Әкімдік қайтадан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жібереді. Тіпті дұрыс жауап та бере алмай отыр», – дейді ол.

Тұрғындар көктем мен күзде көшенің лай-батпағынан жүру қиындайтынын, ал құрғақ күндері шаң басылмайтынын жеткізді.

«Күз бен көктемде жолымызбен жүру мүмкін емес. Батпақты басып та өте алмайсың, айналып та өте алмайсың. Жаңбыр жаумаса, шаң көтеріледі. Терезе аша алмаймыз, кірді де кептіре алмаймыз. Балаларымыз да, өзіміз де жыл бойы осы шаңмен тыныстаймыз», – дейді ауыл тұрғыны Диана Ермағанбетова.

Жолға бөлінген миллиардтар бұл көшеге қарастырылмаған

Ақтөбенің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, биыл қаладағы жолдарды жөндеуге 53 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда бұл қаражат аясында Қурайлыдағы Әлия Молдағұлова көшесін жөндеу қарастырылмаған.

Тұрғындармен кездескен шенеуніктер жол құрылысына өтінім берілетінін айтқан. Ақтөбенің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегі автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Есет Кенжебектің түсіндіруінше, мәселе мәслихат сессиясында талқыланады.

«Қазір осы көше бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өтінім береміз. Кейін сараптамадан өткен соң құрылыс-монтаж жұмыстарына өтінім беретін боламыз», – деді ол.

Дегенмен жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны және оған қаржы қашан бөлінетіні айтылған жоқ. Әзірге тұрғындарға жобалық құжаттаманы әзірлеу мен кейінгі жұмыстарға өтінім беру тәртібі ғана түсіндірілген.

Back to top button