Өмір бұл ғажапқа толы сиқырлы әлем емес – Тоқаев
Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді Мұғалім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Президент Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
«Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады», – деді Тоқаев.
Президент осы қарапайым қағиданы балаларға түсіндіру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты тек білімді етіп тәрбиелеу жеткіліксіз екенін, олардың еңбекке бейім, бәсекеге дайын әрі алдына биік мақсат қоя алатын азамат болып қалыптасуы маңызды екенін айтты.