Атырауда лифт құлап, төрт адам зардап шекті
Атыраудағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт апатқа ұшырады. Оқиға кезінде оның ішінде төрт адам болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің Б блогында болған. Лифт үшінші қабаттан апатты жағдайда төмен түскен. Ал оның неліктен құлағаны әзірге белгісіз. Оқиғаның себептерін жауапты қызметтер анықтап жатыр.
Зардап шеккендер бар ма
Әкімдік мәліметінше, оқиғадан кейін жедел жәрдем үш тұрғынды тексеру үшін ауруханаға жеткізген. Тағы бір адам медициналық көмектен бас тартқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр», – деп хабарлады әкімдік.
Төтенше жағдайлар департаменті оқиға салдарынан лифтідегі төрт жолаушының зардап шеккенін нақтылады. Үш адамға дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп, кейін үйлеріне жіберген. Тағы бір зардап шегуші медициналық көмектен бас тартқан.
Атыраудағы барлық лифт тексеріледі
Оқиға орнына Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов барған. Енді қала билігі Атыраудағы барлық лифтінің техникалық жағдайын тексеруді жоспарлап отыр.
«Қала әкімі жауапты қызметтерге лифттің апатты жағдайда төмен түсу себептерін қысқа мерзімде анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифттің техникалық жағдайына кешенді тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды. Жағдай қала әкімінің ерекше бақылауында», – деп хабарлады баспасөз қызметі.