Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен үш ирандыққа үкім шықты
Маңғыстау облысында Каспий теңізі арқылы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Иран Ислам Республикасының үш азаматына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға қашан болды
Биыл шілденің 24-күні балық аулап жүрген Иранның үш азаматы Каспий теңізі арқылы мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өткен.
Оларды елдегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстады.
Сот шешімі
Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-1-бөлігімен, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуына сәйкес мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қарақия аудандық соты үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге шығарып жібере отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру жаза тағайындалды. Сот үкімі қазір заңды күшіне енген жоқ, – делінген прокуратура мәліметінде
Одан бөлек, мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде заңсыз кесіп өту заңнамада белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатыны да айтылды.