$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Білім

Мұғалімдерден рилс түсіріп, пост жариялауды талап етуді тоқтату керек – Аймағамбетов

Педагогтің жауапкершілігі кәсіби міндеттерін орындау кезеңімен байланысты, ал бір құжатты қағаз және электрондық түрде қатар жүргізуді талап етуге тыйым салынған. Мұғалімдер күніне арналған мәлімдемесінде Асхат Аймағамбетов маусымда қабылданған өзгерістерге тоқталып, ұстаздарды артық жүктемеден қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленгенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мұғалімнің жауапкершілік шегі нақтыланды

Аймағамбетовтің айтуынша, бұрын демалыс күні балаға қатысты оқиға болса, сол уақытта өз отбасымен үйінде отырған мұғалімнен түсініктеме талап етілетін. Жылдар бойы қалыпты жағдай ретінде қабылданған осы тәжірибені өзгерту үшін педагогтердің құқықтарын қорғауға арналған түзетулер ұсынылған.

“Былтыр Мұғалімдер күні қарсаңында педагогтердің құқықтарын қорғауға арналған түзетулерді Үкіметке жолдаған едік. Биыл маусымда олардың бір бөлігі заң болып қабылданды.

Енді педагогтің жауапкершілігі оның кәсіби міндеттерін орындау кезеңімен байланысты. Бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрондық түрде жүргізуді талап етуге тыйым салынды. Бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Өзіне тән емес жұмысқа тартуға тыйым салу балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтеріне де қолданылады. Ендігі міндет – осы нормалардың әр білім беру ұйымында орындалуын қамтамасыз ету”, – дейді Аймағамбетов.

Аймағамбетов қабылданған нормалардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Педагогтің жауапкершілігін кәсіби міндеттерін атқару кезеңімен және білім беру процесімен байланыстыратын өзгерістер Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық департаменті жариялаған түсіндірмеде де көрсетілген.

Оның пікірінше, мұғалімнің уақыты мен күш-жігері балаға білім беруге, түсінбеген тақырыбын қайта түсіндіруге және өзіне деген сенімін нығайтуға жұмсалуы керек.

Аймағамбетов PISA зерттеуіндегі бір көрсеткішті мысалға келтірді: қазақстандық оқушылардың 86 пайызы мұғалімнің тақырыпты балалар түсінгенше түсіндіретінін айтқан. Ол мұны ұстаздардың күнделікті еңбегіне берілген жоғары баға деп бағалады.

Демалыс күнгі хаттар мен рилс талабы да назарда

Құқықтық өзгерістерге қарамастан, педагогтерді алаңдататын мәселелер әлі де бар. Олардың қатарында артық жүктеме, кәсіби даму мүмкіндіктері, жас мамандарды қолдау және жұмыстан тыс уақыттағы талаптар аталды.

“Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Артық жүктеме, кәсіби даму, жас мамандарды қолдау. Жас педагогті мектепке тартумен шектелмей, әрі қарай қолдау маңызды. Кешкі уақытта және демалыс күндері ата-аналармен мессенджерлерде хат алмасу, әлеуметтік желілерге рилс пен пост жариялауды талап ету де – бөлек мәселе. Сондықтан «Әділет» партиясының фракциясындағы әріптестерімізбен бірге заң жобасын әзірледік. Онда педагогтерді мазалайтын осы және басқа да проблемаларды шешу көзделген. Сабақ беруді жалғастырып жүргендіктен, білім алушылардың, технологиялардың және мамандыққа қойылатын талаптардың қалай өзгеріп жатқанын көріп жүрмін”, – дейді депутат.

Аймағамбетов мұғалім мамандығына қоғамның көзқарасы да өзгеріп келе жатқанын айтты. Ол келтірген TALIS зерттеуінің дерегіне сәйкес, қазақстандық мұғалімдердің 82 пайызы қоғам олардың еңбегін бағалайды деп санайды. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 22 пайызды құрайды.

Ол педагог мәртебесінің нығаюын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатымен байланыстырып, «Педагог мәртебесі туралы» заңды, жалақының өсуін және ұстаздарды өзіне тән емес жұмыстан қорғау шараларын атап өтті.

Мәлімдемеде жасанды интеллектінің білім берудегі орнына да назар аударылған. Аймағамбетовтің пікірінше, жаңа құралдар тапсырма дайындауға, оқушының деңгейіне сай материал таңдауға және жұмыстарды тексеруге кететін уақытты үнемдей алады. Алайда баланы қолдау, оның түсінбегенін түсіндіру және сенімін арттыруда мұғалімнің рөлі сақталады. Осыған байланысты педагогтерге жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік беріп, оларды қолданудың түсінікті ережелерін қалыптастыру қажет екенін айтты.

Back to top button