«Қияметте жауап бересіңдер»: Ердос Қанаевтың коучтар туралы сөзі дау туғызды
Әнші Ердос Қанаев ажырасуға кеңес беретін коучтарды сынап, олардың сөзіне сеніп ажырасқан әйелдердің балаларын асырауды сол “кеңесшілерге” жүктеу керек деген пікір білдірді. Сондай-ақ ажырасқан ер адамның қайта үйлену шығынын да коучтар көтеруі тиіс деп есептейді. Өнер иесінің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктер едім»
Ердос Қанаев өз жазбасында отбасылық мәселелерге араласып, ажырасуға бағыттайтын кеңесшілерге наразылығын білдірген. Әншінің пайымынша, мұндай кеңес берген адамдар оның салдары үшін де жауап беруі керек.
«Қолымда билік болса, “коучсымақтар мен данышпансымақтардың” сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай бақытсыз болып жатқан барлық әйелдердің бала-шағасын асырауды солардың мойындарына жүктер едім», – деп жазды ол.
Әнші ажырасқан ер азаматтың кейінгі некесіне байланысты шығындарды да сол кеңесшілерге жүктейтінін айтқан.
«Әйелдерінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын, бәрін солардың мойнына жүктер едім. Қияметте жауап бересіңдер».
Бұл пікірге қарсы уәж айтқан желі қолданушылары ажырасудың себептерін тек коучтардың кеңесіне тіреуге болмайтынын алға тартты. Олардың арасында жоқшылық, тұрмыстық зорлық пен ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәселесін еске салғандар бар. Бір қолданушы «ажырастырып жатқан жоқшылық, ұрып-соғу, надандық емес, коучтар болып шықты ма?» деп сұрақ қойған. Ал екіншісі ажырасқан әйелдің бала асырау қиындығын сөз етіп отырып, ер адамның қайта үйленуі мен қалыңмал шығынына алаңдауды сынаған. Тағы бір қолданушы ажырасу оңай қабылданатын шешім емес екенін жазып, бала күтімі мен алимент мәселесін көтерген. Оның пікірінше, талқылауда ер адамның жауапкершілігі де ескерілуі керек. Десе де, әншінің осы сөзін қолдап пікір жазып жатқандар да баршылық.
Осылайша, әншінің коучтарды сынаған сөзі кеңесшілердің жауапкершілігімен қатар, ажырасқаннан кейінгі ата-ананың міндеттері туралы пікірталасқа ұласты.
Депутаттар коучтардың қызметін қалай реттеуді ұсынған
Қазақстанда коучтар мен ақылы курс сатушылардың қызметіне қатысты мәселе бұған дейін Парламентте де көтерілген. Депутаттар олардың біліктілігін тексеруді, қызметін реттеуді және тұтынушыларды негізсіз уәделерден қорғауды ұсынған.
Жарқынбек Амантай 2024 жылы 16 қазанда Мәжілісте жолдаған депутаттық сауалында әлеуметтік желі арқылы ақылы курс, вебинар және ақпараттық өнім сатушылардың қызметінің заңдылығын тексеруге шақырды. Ол онлайн курстарды аккредиттеу мүмкіндігін қарастыруды, бизнес-тренерлерге кәсіби стандарттар бекітуді және заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуді ұсынған. Депутат арнайы білімі жоқ адамдардың ақылы кеңес беріп, азаматтардың сенімін пайдаланатынын сынады.
Динара Наумова 2025 жылы 19 ақпанда коучтар мен бизнес-тренерлерді міндетті сертификаттау және аккредиттеу жүйесін енгізу туралы бастама көтерді. Ол азаматтарға маманның біліктілігін алдын ала тексеруге мүмкіндік беретін ашық бірыңғай тізілім құруды да ұсынды. Наумованың айтуынша, «тез байыту» немесе «бір айда өмірді өзгерту» сияқты уәделерге сенген адамдар қомақты қаражат жұмсап, кейде курс ақысын төлеу үшін несие алады.