“Қасірет жүрегімде мәңгі қалады”: Маңғыстауда аман қалған сарбаз алғаш үн қатты
Маңғыстауда қаза болған 14 сарбазбен бірге әскерде болған әрі сол қайғылы күні аман қалған үш сарбаздың бірі Бекет Қуандық әлеуметтік желіде жазба жариялап, қарулар бауырларын ешқашан ұмытпайтынын жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бекет Қуандық бүгін әскери борышын өтеп, үйіне оралған. Ол жазбасында қаза тапқан қарулас бауырларының отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтты.
“Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу – жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап,дұғада болған қазақ елі сіздерге Алла разы болсын” – деп жазды Бекет.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.