$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Қоғам

«Ең бірінші адам болуымыз керек»: Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесіндегі шырақшы

Қазақтың тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға орасан зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков Түркістан облысында жерленген. Tizgin.kz тілшісі Тайқазанның елге оралуына, Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына және ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне атсалысқан қайраткердің кесенесіне барды. Осы кесенеде 20 жылдан астам уақыт бойы шырақшы болып отырған Нұржан мырза өз ойын бөлісті.

«Бұл жерге жастар жиі келеді»

«Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына орай кесенесін салып бергеннен кейін қайтадан жөндеуден өткізіп берді. Содан бері осы кесенеде отырмын. Оған дейін жұмыс жасадым, дипломым бар, құрылысшымын. Жасым қазір 65-те. Адамдар Арыстанбабқа жақсы келеді. Бұл кісіге еңбегін білетін кісілер, кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр, жастар жағы келеді. Білетін кісілер — келеді, білмейтін кісілер — келмейді. Ол кісінің еңбегін білетін, көзкөрген, шәкірттері жиі келіп жатады», – дейді шырақшы Нұржан мырза

«Бұл жерді маған аманат етті»

Оның айтуынша, бұл жер ол үшін — аманат.

«Сіздің сұрағыңызға жауап: мені мұнда аманат деп отырғызып қойды. Мына кісінің жолдасы — апам (Өзбекәлі Жәнібековтың жұбайы), Бердібек ағам Сапарбаев… «Өлі риза болмай тірі кісінің берекесі болмайды» дейді. Оны қазақтар «Өлі риза болмай — тірі байымайды» деп қысқартып алған. Жоқ, егер «өлі разы болғанда тірі байитын» болса — шырақшылардың бәрі байып кетер еді. Бір қорғанда шамамен 6 сағат Құран оқылады. Менің жұбайым бар, келінім бар, немерелерім бар. Менің байлығым — солар. Олар аман болса, немерелерім күліп жүрсе — мен күлем, қазақтың балалары күліп жүрсе — мен күлем», – дейді ол.

«Діннің мақсаты — іріткі салу емес»

Шырақшы Маңғыстау облысындағы сарбаздардың қазасына қатысты қайғырып жүргенін айтты.

«Кешегі 14 сарбаздың кеткенін естігелі — менің көзімнен жас кетпейді. Ол байғұстар кетті, жарайды, жақсы… «Алла алды, тағы басқа» дейік… Ал артында қалғандар не болды ал? Ата-анасы, бауырлары… олар қандай күйде? Құдайдың рахымы шексіз дейміз. Рахымы, мейірімі шексіз болса — кешегі 14 бала неге кетті? Олардың жазығы жоқ. Соны да Құдайдан көреміз бе? Жауапкершілік жоқ. Жауапсыздық. Әлімжеттік. Тағы басқа себептермен кетті. Бұл жерде Құдайдың қатысы жоқ. Құранда «Қауым өзгергісі келмесе — оған Құдайдың да күші жетпейді» деген сөз бар. Имам, молдалар «Ол Алланың қалауы» деп қояды. Жоқ, Алланың қалауы ол емес. Алланың қалауы — адам болуымыз. Ең бірінші адам болуымыз керек. Содан кейін барып сенің дінің, міндетің, парызың… Діннің мақсаты сол, діннің мақсаты — іріткі салу емес», – дейді шырақшы.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button