Зеленский Ресейдің Қазақстанды басып алғысы келетінін мәлімдеді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің посткеңестік кеңістікте Мәскеудің бұрынғы ықпалын қалпына келтіруге ұмтылып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мақсат Қазақстанға және Ресеймен шектесетін өзге мемлекеттерге де қауіп төндіреді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстан жайлы Зеленский не дейді
Зеленский бұл пікірін Гельсинки қауіпсіздік форумында білдірді. Ол Ресейдің мақсатын Кеңес Одағы кезіндегі ықпалын қайтаруға ұмтылысымен байланыстырды.
«Ресей Кеңес одағы кезіндегідей ықпалын қайтарғысы келеді. Яғни Украинаны қайтару, Қазақстанды басып алу. Беларуське онсыз да ықпалы күшті», – деді Украина президенті.
Зеленскийдің пікірінше, Балтық елдері мен Ресейге шекаралас басқа мемлекеттерге төнетін қауіп те осы ұмтылыстан туындайды. Украина басшысы форумға қатысқаны туралы жазбасында Ресейден төнетін қатердің ауқымы Украинамен шектелмейтінін атап өтті.
«Ресейден төнетін қауіп тек Украинаға ғана емес, бүкіл Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты. Біз өз тәжірибемізбен және өзімізді қалай қорғауға болатынымен бөлісуге дайынбыз», – деп жазды ол.
«Бірге күшейу үшін тұрақты диалог қажет»
Зеленский форумға Финляндия президенті Александр Стубб және Молдова президенті Майя Сандумен бірге қатысқанын хабарлады. Ол шақырғаны үшін алғыс айтып, Украинаның осы алаңда болуы маңызды екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Украина қауіпсіздікті нығайтуға қатысты тәжірибесі арқылы Еуропалық одақ пен НАТО-ның қорғаныс мүмкіндіктерін де күшейте алады.
Зеленский елдегі дата орталықтарына, ұялы байланыс жүйесіне, логистика мен теміржолға соққы жасалып жатқанын, теңіз жолдары бұғатталғанын айтты. Ол мұны гибридті соғыстың көрінісі деп сипаттады. “Мұндай соғысты ешкімге тілемеймін” дейді ол.