«Тәрелкені аударса да түспейді»: әскерилердің тамағы түсірілген видеоға ресми жауап берілді

Әлеуметтік желілерде бірнеше күннен бері әскери азаматтардың қатып қалған тамақты көрсетіп, оны тәрелкеден аударса түспейтін сәтін күлкіге айналдырған видео тарап жүр. Оқиғаның қайда және қалай түсірілгені анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Видеода қатып қалған тамақтың аударса да тәрелкеден түспей тұрғанын әскерилердің өзі әзілге айналдырып, желіге салып жіберген. Оның алдында әскерде жастарға қандай жақсы тамақ берілетіні айтылып жатқан тұста “оның бәрі показуха болған ғой” деп осы видеоға көп адам теріс пікір қалдырған. “Әскерилерге тамақты осылай бере ме?” деп те сұрақ қойғандар болды.
Қарулы күштердің ресми түсініктемесі
Tizgin.kz порталы Қарулы күштерге ресми сауал жолдап, оқиға жайлы ақпарат алды.
“Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға қатысты төмендегіні хабарлаймыз. Бейнежазба Солтүстік Қазақстан облысында әскери міндеттілердің әскери жиынын өткізу кезеңінде түсірілген. Әскери жиындар барысында әскери міндеттілерді тамақтандыруды ұйымдастыруды Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тамақтандыру қызметтерін көрсететін ұйымды тарта отырып жүзеге асырды. 22 қыркүйекте оқу-жаттығудың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін жеке құрам тамақтануға келді. Жеке құрамның негізгі бөлігі белгіленген уақытта тамақтанды. Бұл ретте 1-взводтың әскери міндеттілері тамақтануға кешірек келген, соның салдарынан ұсынылған тағамдардың температурасы төмендеген. Аталған жағдай анықталғаннан кейін жауапты лауазымды тұлға тағамдарды қайта жылыту туралы нұсқау берді. Осыдан кейін әскери міндеттілерге ыстық тамақпен қамтамасыз етілу мүмкіндігі ұсынылды”, – делінген жаупата.
Әскери міндеттілер тарапынан тамақтануды ұйымдастыруға қатысты шағымдар мен өтініштер тіркелмегені айтылды.
Осы видеоны түсірген Біржан Қойшыбаев та ресми хабарламаны растады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram