$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Оқиға

Ресейдің Иркутск облысында оба тарады деген күдік туып, 189 адам ауруханаға жатқызылды

Ресейдің Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімінен кейін онымен байланыста болуы мүмкін 197 адам анықталып, 189-ы медициналық бақылау үшін ауруханаға жатқызылды. Ресейлік БАҚ әйел өкпе обасын жұқтырған болуы мүмкін екенін жазып жатыр. Алайда өңір билігі инфекцияның атауын нақтыламай, «аса қауіпті инфекцияға күдік» туралы ғана мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әйелдің өлімінен кейін қандай шаралар қабылданды

«Люди Байкала» басылымының мәліметінше, қайтыс болған әйел – Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының 28 жастағы зертханашысы Дарья Шипилова. Ол 2 қазанға қараған түні Шелехов аудандық ауруханасында көз жұмған.

Сібір ақпарат агенттігі «Известия» басылымының дереккөзіне сілтеме жасап, әйелмен байланыста болуы мүмкін 197 адам анықталғанын жазды. Олардың 189-ы бақылау және профилактикалық шаралар үшін медициналық мекемелерге орналастырылған: 114 адам бір ауруханада, 63 адам екінші ауруханада, тағы 12 адам обаға қарсы институтта болған. Қалған сегіз адам сол мәлімет жарияланған кезде стационардан тыс жерде жүрген. Бұл сандар олардың инфекция жұқтырғанын білдірмейді.

IRK.ru порталының хабарлауынша, Шелехов аудандық ауруханасының бірқатар бөлімшесінде карантин енгізіліп, пациенттерді жоспарлы қабылдау мен ауруханадан шығару уақытша тоқтатылған. Аудан басшысы Максим Модин емхананың жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеген.

Жағдайға байланысты Ресейдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Анна Попованың қатысуымен өңірлік санитариялық-эпидемияға қарсы комиссияның кезектен тыс отырысы өткен. Онда жедел іс-қимыл жоспары бекітілген.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің 2 қазандағы мәлімдемесіне сәйкес, анықталған байланыстағы адамдар медициналық бақылауға алынған. Сол кезде оларда ауру белгілері болмаған, ал зертханалық талдау нәтижелері теріс шыққан, деп жазады IRK.ru.

Оба туралы нұсқа қайдан шықты

«Люди Байкала» басылымы Шипилованың 25 қыркүйекте зертханада оба қоздырғышы бар сынауықты сындырып алғанын, содан кейін өзін жайсыз сезінгенін жазды. Басылымның нұсқасы бойынша, әйел инфекцияны жұмыс орнында жұқтырған болуы мүмкін. Алайда сынауықтың сынуы мен оның ауруға себеп болғаны туралы мәлімет ресми ведомстволар тарапынан ашық расталған жоқ.

Оба туралы ақпараттың тарауына Бурятия басшысы Алексей Цыденовтің жазбасы да себеп болды. «Фонтанка» басылымы оның бастапқы хабарламасында әйелдің обадан қайтыс болғаны айтылғанын жеткізді. Кейін Цыденов мәтінді өзгертіп, «обадан қайтыс болуы мүмкін» деген тұжырым қосқан, деп жазады Meduza.

Цыденов әйелдің Бурятияға бармағанын және оқиғаның республикамен байланысы жоқ екенін мәлімдеген. Ал Иркутск облысының билігі жариялаған хабарламаларда нақты қоздырғыштың атауы көрсетілмеген. Сондықтан қолда бар ақпарат Ресейде оба індеті басталғанын кесіп айтуға негіз бермейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының түсіндіруінше, обаны Yersinia pestis бактериясы қоздырады. Оның өкпелік түрі адамнан адамға ауа-тамшы жолымен жұғуы мүмкін. Дегенмен ауру ерте анықталып, ем дер кезінде басталса, антибиотиктермен емделеді. Диагнозды растау үшін зертханалық зерттеу қажет.

Back to top button