Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарындағы өнерін 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 8-ші орынға тұрақтады. Ұлттық құрама 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиадамен салыстырғанда үш саты жоғарылап, алтын жүлделер санын арттырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстандық боксшылар Азия ойындарының алтын жүлдесіне 12 жылдан кейін қайта қол жеткізді. Ұлттық құрама бұған дейін Азиада алтынын соңғы рет 2014 жылы жеңіп алған еді. Кейінгі екі Азия ойындарында боксшыларымыз чемпион атана алмады.
Жапонияда бұл үзілісті 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта құрама капитаны Айбек Оралбай аяқтады. Екі боксшы да өз салмақ дәрежесінде топ жарды.
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындары тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Финалда отандастарымыз Корея Республикасын 43:42 есебімен ұтты. Қарсылас команда сапында Рио Олимпиадасының жекелей сын чемпионы Пак Сан Ён да өнер көрсетті.
Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер Азия чемпионаты мен әлем чемпионатындағы жеңістеріне Азиада алтынын қосты.
Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында жеңіске жетті. Бұл – Қазақстанның осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы алтыны.
Таеквондодан Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол да Қазақстанға осы спорт түрінен Азиада тарихындағы тұңғыш алтын жүлдені әкелді.
Велоспортта екі маңызды нәтиже тіркелді. Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Азиадада ең көп алтын жеңіп алған қазақстандық спортшы атанды. Ал Рината Сұлтанова жекелей жарыста топ жарып, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарының алтынын иеленген алғашқы спортшы болды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева ел қоржынына екі алтын салды. Берульцева осымен Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Азиада бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жекте де Қазақстан жүлдесіз қалған жоқ. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль жеңіп алды.
Бес финалдағы күміс және федерацияларға берілетін баға
Дзюдодан Қазақстан құрамасы алғаш рет жекелей сында төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат шешуші белдесулерде жапониялық қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.
Ұлттық құрама аралас командалық жарыста да күміс медаль иеленді. Қазақстандық дзюдошылар қатысқан бес финалдың барлығында Жапония құрамасының өкілдерімен белдесті.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлде алды. Қазақстан осы бағдарлама бойынша 32 жылдан кейін Азия ойындарының жүлдесіне қайта қол жеткізді.
Күресте де алдыңғы Азиадамен салыстырғанда нәтиже жақсарды. Еркін күрес балуандары үш қола медаль жеңіп алды. 2023 жылы Қазақстан құрамасы бұл күрес түрінен жүлдесіз қалған еді. Әйелдер күресінде қазақстандық спортшылар бір күміс және екі қола медаль иеленді. Ханчжоудағы Азия ойындарында олардың еншісінде бір ғана күміс жүлде болған.
Енді жарыс нәтижелері спорт федерацияларының Азиада қарсаңында берген міндеттемелерімен салыстырылады. Туризм және спорт министрлігі олардың орындалуына жан-жақты талдау жүргізіп, алдыңғы халықаралық жарыстардағы көрсеткіштерді және нәтижеге әсер еткен факторларды саралайды.
