Өзбекстан билігі білім мен ғылым министрліктерін біріктіріп тастады
Өзбекстанда Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі мен Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі біріктіріліп, олардың негізінде Білім және ғылым министрлігі құрылды. Сол елдің ресми билігі берген мәліметке сәйкес, екі министрлік ел президентінің жарлығымен біріктірілген. Реформа білімнің барлық сатысы мен ғылыми қызметті қамтитын бірыңғай басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Балабақшадан жоғары оқу орнына дейін – бір жүйе
Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың хабарлауынша, өзгерістің негізгі мақсаты білім беру, тәрбие және ғылым салаларын заманауи талаптарға сай біртұтас жүйеге біріктіру екені айтылған. Жаңа басқару құрылымы мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білімге дейінгі барлық кезеңді, сондай-ақ ғылыми қызметті қамтуға тиіс. Бұл ретте білім беру сатыларының өзара байланысы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
Осылайша, балабақша, мектеп және жоғары оқу орны арасындағы сабақтастықты нығайтып, білім мен ғылым салаларын басқарудың тиімділігін арттыру жоспарланған.
Білім сапасы мен қоғам алдындағы есептілік
Реформаның тағы бір бағыты – білім сапасын жақсарту, білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру және адами капиталды дамыту. Асадов таратқан хабарламада осы міндеттерді іске асыру үшін бірыңғай әрі тиімді басқару тетігі енгізіледі. Сонымен қатар білім беру жүйесінің қоғам алдындағы есептілігін күшейту көзделгені айтылады. “Өзгерістің түпкі мақсаты – білімнің барлық сатысын өзара үйлестіріп, тәрбие, оқыту және ғылыми қызметтің бірізді дамуына жағдай жасау” дейді Асадов.