$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Пікір

Балалық шақпен қоштасу: жасөспірім психикасында қандай өзгерістер жүреді

Жасөспірімдік кезең – балалық шақ пен ересектік арасындағы күрделі өтпелі кезең. Осы уақытта адамның денесі ғана емес, оның өзін, ата-анасын және айналасындағы адамдарды қабылдауы да өзгереді. Психоаналитик Мишель Венсан «Жасөспірім шақтағы дерт» кітабында осы өзгерістердің психикаға қалай әсер ететінін және жасөспіріммен психоаналитикалық жұмыс кезінде қандай қиындықтар туындайтынын қарастырады. Tizgin.kz тілшісі кітаптың келесі бөліміне шолу жасап, тасымал, нарциссизм, пубертаттық дағдарыс және балалық шақтағы қарым-қатынастардың қайта қаралуын нақты клиникалық мысалдар арқылы түсіндіреді.

Жасөспірімдік кезең: балалық пен ересектіктің арасындағы өтпелі шақ

Жасөспірімдік кезеңде сырт көзге де анық байқалатын өзгерістер орын алатыны белгілі. Бұл кезең – балалық шақ пен ересектік арасындағы өтпелі кезең. Оларды бір-бірінен латенттік кезең бөліп тұрады.

Жасөспірімдік кезеңнің осы қырын түсіну – психотерапияның негізгі мақсаты. Психотерапия жасөспірімнің өзін-өзі құрметтеу сезімін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Көп жағдайда бұл үшін қысқа мерзімді психотерапия жеткілікті болады. Стандартты ем сирек ұсынылады және тек ауыр невроздар жағдайында қолданылады.

Мари

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Он алты жастағы Мари мектеп дәрігерінің кеңесімен консультацияға келді. Бұған дейін ол өте жақсы оқитын оқушы болған, алайда біраз уақыт бұрын оның мектептегі үлгерімі төмендеді. Бұл отбасындағы өзгерістермен тұспа-тұс келді: оның балалық шағы ата-анасының ажырасуымен аяқталды.

Мари өзінен 3 жас кіші бауыры екеуі анасымен бірге тұрды. Белгіленген тәртіп бойынша олар әр екінші демалыс күнін және мектеп каникулдарының жартысын әкесімен өткізетін. Әкесі сол маңда тұратын, сондықтан бұл тәртіп барлығына қолайлы еді.

Маридің анасы басқа ер адамның үйіне көшті

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Бірнеше ай бұрын Мариның анасы бірге тұруды жоспарлаған ер адаммен танысып, ұлымен бірге сол адамға көшкісі келді. Ал қызды пәтерде жалғыз қалдырмақ болды. Сол кезде Мари үшін әлем төңкеріліп кеткендей болды. Ол оқи алмайтын жағдайға жетті. Қызының мектептегі үлгерімі өте нашарлап кеткенін көрген әкесі өте қатты ашуланып, соның нәтижесінде Мари әкесімен кездесуді тоқтатуға шешім қабылдады.

Отбасының ыдырауы алдыңғы орынға шығып, басқа бір тарихты көлеңкеде қалдырды. Мари өте ерекше махаббат қарым-қатынасын тоқтатуға шешім қабылдады. Ол жақсы көретін жігіт оның ең жақын құрбысына ғашық болған. Құрбысы «басқа адамды жақсы көретінін» айтып, қарым-қатынасты жалғастырғысы келмеген айтқан. Мари бұл жігіттің мұңайып жүргенін байқап, оны жұбатуға шешім қабылдаған. Уақыт өте келе жігіт егер Мари оған келуден бас тартса, өзіне қол жұмсайтынын айтып, оны бопсалай бастаған. Ол бұл қысымды көтере алмайтынын түсініп, қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартты. Содан кейін өзі де тұйықталып, ауыр күйзеліске түсті.

Маридің отбасылық және жеке жағдайы туралы әңгімесі өте бірқалыпты еді. Өзін қатты депрессияға түсірген барлық оқиғалар туралы көп ойланғаны байқалды. Депрессиядан біршама шыққанымен, одан толық қалай арылуды білмеді. Көктем аяқталып келе жатты. Алда жазғы каникул келе жатыр. Біз жазғы канукулға дейін бірнеше сұхбат өткіземіз деп келістік.

Келесі оқу жылының басында Мари өзін жақсырақ сезінетінін айтты. Ол өзіндегі қатты мазасыздықты толығымен қайтадан пайда болған құрбылары және отбасы мүшелерімен байланыстырды. Мари өз мазасыздығын тікелей сезіне алмай, оны айналасындағылардың «айнасы» арқылы ғана қабылдайтын. Менің алдымда өзін үнемі төмендетуі мені онымен аптасына үш рет кездесуді ұсынуға итермеледі.

Маридің үнсіздігі

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Менің ұсынысым бойынша Мари кушеткаға жатты. Мен оған біздің жұмысымыздың ережесін түсіндіріп, ойына дәл қазір, осы сәтте не келсе – соны сөзге айналдырып, еркін айтуға шақырдым. Ол әдетте жатқан күйде  кітап оқитынын айтты. Содан кейін үндемей қалды.

Мари өзіне ештеңе келмейтіндей сезінді, бірақ кейін оның ойлары «жан-жаққа қашып кететінін», ешқайда апармайтынын түсінді. Ол мұны «жеңіліске ұшыраған әскерге» ұқсатты. Ол анасының жаңа жігітімен қарым-қатынасы өз өміріне тым қатты әсер етіп жатқаны туралы айтуы маңыздырақ еді, себебі соның салдарынан оның демалыс күндері мүлдем ретсіз өтіп жүрді.

Бұрын Мари әр екінші демалыс күнін әкесінің үйінде өткізетін, бірақ ол әкесінің үйіне баруды тоқтатты, өйткені әкесінің анасына қатысты айтқан айыптауларының «жеткізушісіне» айналғысы келмеді. Осы тұрғыдан алғанда, оның менімен сөйлеспеуі әкесі мен анасының жағымды бейнесін қорғау қызметін атқарды.

Мари отбасының жаңа жағдайын сипаттауға тырысты. Оның әңгімесі түсініксіз әрі шатасқан еді. Келесі кездесуде мен өткен сұхбаттарды егжей-тегжейлі қарастыруға шешім қабылдадым. Қыздың ұзақ уақыт үнсіз отыруы маған өткен апталардағы үнсіз өткен сұхбаттарды, сондай-ақ қысқа каникулдан кейін айтқан «Бәрібір ештеңе шықпайды» деген сөзін еске түсірді. Сол кезде мен одан демалыс күндерінің қалай өтетінін айтып беруін сұрадым. Келесі сұхбатта Мари өз ойларын анық жеткізе алды.

Бірде әкесінің үйінде болған кештердің бірінде әкесі оған анасы туралы көптеген жағымсыз нәрселер айтқан. Ата-анасы және олардың отбасылары бір-бірімен жауласатын. Ол үшін ата-аналарының арасындағы дауды шешетін «төреші» рөлінде болу өте қиын еді, бірақ оданда қиыны – демалыс күндері төсекте жалғыз жатып, нәтижесіз ойларға батқан кездері болды.

Оның шындықты тексеру қабілеті кейде уақытша бұзылатын. Мысалы, демалыс күндерін жақсы өткізгеннен кейін ол ненің шындық, ненің шындық емес екенін ажырата алмай қалатын. Ақырында оның үнсіздігі мені оған бірнеше рет байқаған көріністі сипаттауға итермеледі:

«Сен менімен сұхбаттасқың келеді, мұны сұхбаттарға үнемі уақытында келетініңнен көруге болады. Бірақ сен өзіңді есіктің сыртында қалдырып, менің қасыма басқа біреудің кіруіне мүмкіндік беретін сияқтысың», – дедім.

Ол бұл мәселені көтергеніме таңғалды. Ол болса мектептегі оқуына қатысты түрлі мәселелерді ойлап жүрген еді, алайда ол ондай мәселелерді менімен бөлісуге жеткілікті қызықты деп санамайтын. Мари өзінің үнсіздігіне байланысты емдеуді тоқтатпақ болды. Кенеттен оның дауыс ырғағы өзгеріп, күліп, жақын құрбысы өзінің емделе бастағанын білгенде жеңілдеп қалғанын айтқаны туралы айтты.

Өткен апталардағы үнсіздік оның басындағы ойлардың хаостық ағынының салдары еді. Енді сынақ кезеңінің аяқталуына жақындаған сайын, ол менің емдеуді тоқтатуымнан барған сайын қорқа бастады. Оның қазіргі хаосының астарындағы мазасыздықты талдау барысында ата-анасының әрқайсысымен қарым-қатынасына қатысты өте амбивалентті репрезентациялар анықталды. (Репрезентация – адамның бұрын көрген немесе сезген нәрсесін есіне түсіріп, санасында қайта жаңғыртуы). Мен оған «Менің алдымда «анашың» мен «әкешіңнің» арасында бөлініп тұрғандайсың» дедім. Ата-анасын осындай балалық сөздермен атау оған анасы мен әкесінің арасында таңдау жасау керек деген ой әкелді.

Ата-анасының ажырасуы оның латенттік кезеңінің соңында болды, бұл  объектілік таңдауының дамуын тежеді. Оның объектілік таңдауы інісі дүниеге келген кезде, яғни өзі 2,5 жаста болған күйінде қалып қойған еді.

Мари Париждегі гүйінде жалғыз тұрды

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Көктемгі каникулда ол Парижде жалғыз қалды. Қайтып келген соң анасы қызғаныш аралас әзілмен оның жолы болғанын айтты: Мари қалағанын істей алған, ал анасы каникулды Маридың бауыры және өзінің жаңа жігітімен бірге өткізген. Осылайша ол анасымен бәсекелестікті де, біздің сұхбатымыздың тоқтап қалуынан қорқуды да проекция арқылы шешуге тырысты: анасы оған бәсекелесі ретінде қарамаса жақсы болар еді.

Біртіндеп біз оның ата-анасымен қарым-қатынас тарихының неғұрлым толық есіне түсіруіне куә болдық. Ол көп нәрсені есіне түсірген сайын ата-анасына жақындай түсті.  Бірінші жылдың соңына қарай ол бірнеше сұхбатқа келген жоқ. Ол психоанализсіз өмір сүре ала ма, жоқ па – соны түсінгісі келді. Оның үнсіздігі ол үшін дәрменсіздік сезімін туғызды. Бұл сезім оның емдеуді ешқашан аяқтай алмаймын деп қорқуына себеп болды.

Мари өзінің үнсіздігі арқылы бейсаналы түрде мендегі эдиптік қызғаныш, садистік реакцияларды оятуға тырысты. Егер мен оның үнсіздігінен күйреп, оның деструктивті тенденцияларымен келісіп, емдеуді аяқтауға келіссем –ібұл оның бейсаналы сценарийінің қайталанғаны болар еді. Мен олай еткен жоқпын. Оған келесі жылы да сұхбатты жалғастыруды ұсындым. Ол келісті.

Маридің оқу үлгерімі жақсарып, жігітпен жүре бастады

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Екінші жылы өткен сұхбаттардан кейін қыздың мектептегі оқу үлгерімі жақсарды. Ол емделіп жүргенін жаңа жігітінен жасыратын болды. Ол өзінің сексуалдық өміріндегі жаңа кезеңіне еніп кетуіме мүмкіндік беріп қоюдан қорқатын.

Сұхбат барысында оның әкесі анасына қатысты қандай тирандық жасаса. Ол маған қатысты тирандық қарым-қатынас жасай бастады. Ол анасын жаңа жігітінен қызғанып, дұшпандық танытса, маған да солай дұшпандық таныта бастады. Оқу жылы аяқталуға жақындағанда оның кушеткада жатуға қатысты шағымдары күшейді. Ол кушеткада жатқанда маған қарай алмайтыны, бұл оған ұнамайтынын айтты.

Бұл емдеу екі кезеңнен тұрды: алғашқы екі жыл бойы ол кушеткада жатып, өте аз сөйледі; үшінші жылда бетпе-бет отырып жұмыс істедік. Осы кезеңде қыз бұрынғы үнсіздік уақытын «қуып жетуге» тырысып, бұрын айта алмағанының бәрін айтып шықты.

Жасөспірімдік кезеңнің үш позициясы

Мишель Венсан жасөспірімдік кезеңді бір ғана өзгеріс ретінде емес, психиканың бірнеше маңызды кезеңнен өтуі ретінде қарастырады. Ол бұл процесті үш негізгі позиция арқылы түсіндіреді:

  1. Пубертат хаосы
  2. Орталық нарциссистік позиция
  3. Объектіні қайта ашу

Бұл үш кезең бір-бірімен тығыз байланысты және жасөспірімнің балалық шақтан ересектікке өту процесін түсіндіруге мүмкіндік береді.

Пубертат хаосы

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Пубертат кезінде жасөспірімнің денесінде ғана емес, психикасында да үлкен өзгерістер жүреді. Бұған дейін негізінен өз денесіне бағытталған сексуалдық қызығушылық біртіндеп басқа адамға, яғни сексуалдық объектіге бағыттала бастайды.

Фройдтың түсіндіруінше, осы кезеңде сексуалдылықтың мақсаты да өзгереді. Ол біртіндеп ересек адамның сексуалдық өміріне және репродуктивтік функцияға бағытталады, алайда бұл өзгеріс бірден және тыныш өтпейді. Бұрынғы инфантильді сексуалдық тілектер мен жаңа сезімдер бір-бірімен араласып, психикада белгілі бір хаос тудырады. Осыдан мазасыздық, ішкі қарама-қайшылықтар және түрлі эмоционалдық қиындықтар пайда болуы мүмкін.

Фантазияның күшеюі

Пубертат кезінде жасөспірімнің сексуалдық және отбасылық тақырыптағы қиялдары күшейеді. Олардың ішінде ата-ананың қарым-қатынасына қатысты, біреудің өзін азғыруы немесе отбасының шынайы тарихынан өзгеше «өз нұсқасын» ойлап табу сияқты фантазиялар кездеседі.

Бұл фантазиялар кейін симптомдардың қалыптасуына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімнің айтқан қиялдары мен ойларын тек «баланың қиялы» деп қабылдамай, олардың артында қандай психикалық процесс жатқанын түсіну маңызды.

Эдип кешенінің қайта «жаңғыруы»

Пубертат кезінде балалық шақтағы Эдиптік сезімдер мен қақтығыстар қайта «жаңғыруы» мүмкін.

Жасөспірім ата-анасына бір жағынан жақын болғысы келсе, екінші жағынан олардан тәуелсіз болуға ұмтылады. Бұл ішкі қарама-қайшылық оның ата-анамен қарым-қатынасында ашу, реніш, қарсылық немесе алыстау түрінде көрінуі мүмкін. Маридің жағдайында да терапия барысында оның қазіргі қарым-қатынастарының артында балалық шақтағы ата-аналық объектілерге байланысты қақтығыстар жатқанын байқауға болады.

Орталық нарциссистік позиция

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Пубертаттың алғашқы хаосынан кейін жасөспірім біртіндеп өзінің ішкі тұтастығын қайта қалыптастыра бастайды. Осы кезде нарциссизм күшейеді. Яғни жасөспірімнің назары сыртқы объектілерден уақытша өзіне қарай бұрылады. Бұл кезеңде ата-ананың бұрынғы мінсізденген бейнесі өзгереді. Бала кезінде ата-анасы ең мықты, ең ақылды және мінсіз адамдар болып көрінуі мүмкін. Ал жасөспірім олардың қарапайым адам екенін көре бастайды. Бұл көбіне ата-анадан көңіл қалу сезімін тудырады.

Либидоның өзіне бағытталуы

Ата-анадан көңіл қалу нәтижесінде бұрын ата-анаға бағытталған эмоционалдық энергияның бір бөлігі қайтадан адамның өзіне бағытталады, сондықтан жасөспірім:

* өзінің сыртқы келбетіне көп көңіл бөлуі;

* өзіне қатты сын айтуы;

* өзін басқалармен салыстыруы;

* «Мен кіммін?» деген сұраққа жиі оралуы;

* бірде өзін ерекше сезініп, бірде өзін түкке тұрғысыз сезінуі мүмкін.

Бұл құбылыстардың барлығын тек «жасөспірімнің мінезі» деп қарастыру жеткіліксіз. Олардың артында психиканың қайта құрылу процесі жатыр.

Мари мысалы

Мари жағдайында пубертат кезінде пайда болған күшті агрессивті және садистік тенденциялар оның депрессиялық күйімен байланысты болды.

Оның анасына деген сезімдері де қарама-қайшы еді: бір жағынан анасына жақындағысы келсе, екінші жағынан одан алыстағысы келді. Бұл жасөспірімдік кезеңдегі маңызды ерекшелікті көрсетеді: жақындыққа қажеттілік пен тәуелсіз болуға ұмтылыс қатар жүреді.

Объектіні қайта ашу

Коллаж: AI/Tizgin.kz

Жасөспірімдік кезеңнің келесі маңызды қадамы – басқа адамды жаңа қырынан көре бастау. Балалық шақта қалыптасқан объектілік қатынастар қайта қаралады. Жасөспірім ата-анасын бұрынғыдай қабылдамайды және біртіндеп өзіне жаңа эмоционалдық және сексуалдық объектілерді іздей бастайды. Бұл процесті «объектіні қайта ашу» деп атауға болады.

Балалық шақтағы тәжірибенің әсері

Адамның болашақтағы қарым-қатынастары балалық шақтағы тәжірибесінен бөлек қалыптаспайды. Бала кезінде анамен, әкемен және басқа маңызды адамдармен қалыптасқан қарым-қатынастар кейінгі объект таңдауына әсер етеді, сондықтан жасөспірімнің алғашқы махаббаты немесе алғашқы маңызды қарым-қатынасы кейде бұрынғы эмоционалдық тәжірибелерді қайта жаңғыртады.

Нарциссизмнен объектіге қарай

Зигмунд Фройд нарциссистік объект таңдау туралы айта отырып, адамның өзіне ұқсас нәрсені, бұрын өзі болған нәрсені немесе болғысы келетін нәрсені жақсы көруі мүмкін екенін көрсетеді.

Жасөспірімдік кезеңде осы процестер ерекше байқалады. Жасөспірім бірде өзіне ұқсайтын адамға, бірде өзі болғысы келетін адамға қызығуы мүмкін. Бұл оның өзінің кім екенін және қандай адам болғысы келетінін анықтау процесімен де байланысты.

Ересектікке өту

Объектіні қайта ашу кезеңінде жасөспірім біртіндеп ата-анасынан эмоциялық тұрғыда бөлініп, өз өмірін құруға дайындала бастайды. Бұл – балалық шақтағы қарым-қатынастардан толық бас тарту емес. Керісінше, бұрынғы тәжірибелерді қайта қарап, олардан жаңа, ересек қарым-қатынастарға өту. Мари терапиясының соңында оның өміріне, біліміне және таңдауларына жауапкершілікті біртіндеп өзіне ала бастауы осы процестің маңызды нәтижесі болды.

Үш позиция қалай байланысады?

Осы үш позицияны бір-бірінен қатаң бөлінген кезеңдер ретінде қарастыруға болмайды. Олар бір-бірімен қабаттасып, кейде қайта оралып отырады.

Пубертат хаосы → Орталық нарциссистік позиция → Объектіні қайта ашу

Алдымен жасөспірімнің бұрынғы психикалық тепе-теңдігі бұзылады. Кейін ол өзіне қайта назар аударып, ішкі тұтастығын қалпына келтіруге тырысады. Соңында біртіндеп басқа адамдармен жаңа, ересек қарым-қатынас құруға көшеді.

Жасөспірімдік кезеңдегі дағдарыстар

Венсан үшін жасөспірімдік дағдарыс – тек мінез-құлықтың өзгеруі емес. Бұл – психиканың қайта құрылуымен байланысты күрделі процесс. Жасөспірімдік кезеңде бұрынғы балалық тәжірибелер қайта белсенділеніп, жаңа сезімдермен және жаңа денелік өзгерістермен араласады, сондықтан бұл кезеңде:

* ата-анамен қақтығыс;

* тұйықталу;

* ашуланшақтық;

* мазасыздық;

* өзін бағалаудың өзгеруі;

* қарым-қатынастардағы қиындықтар;

* махаббат пен сексуалдық қызығушылықтың күшеюі сияқты құбылыстар пайда болуы мүмкін.

Олардың әрқайсысын жеке симптом ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ең маңыздысы – олардың жасөспірімнің психикалық дамуындағы орнын түсіну.

Дағдарыс қай кезде күшейеді?

Венсан жасөспірімдік кезеңдегі дағдарыстарды үш позицияның бірінен екіншісіне өту кезінде ерекше байқалатын құбылыс ретінде қарастырады. Олар:

* латенттік кезеңнен пубертат хаосына өткенде;

* пубертат хаосынан нарциссистік позицияға өткенде;

* нарциссистік позициядан объектіні қайта ашуға өткенде;

* объектіні қайта ашудан ересектікке өткенде күшеюі мүмкін.

Бұл кезеңдер – психика үшін ең осал сәттер.

Психотерапия үшін бұл нені білдіреді?

Жасөспірімнің мінез-құлқын бірден «проблема» немесе «симптом» деп қабылдау оның ішкі процесін түсінуге кедергі келтіруі мүмкін.

Психоаналитикалық тұрғыдан терапевт жасөспірімнің артында қандай психикалық өзгерістер болып жатқанын түсінуге тырысады.

Жасөспірімнің ашуы, үнсіздігі, ата-анадан алыстауы, қарым-қатынас іздеуі немесе өзін ерекше ұстауы – оның балалық шақтан ересектікке өту процесінің әртүрлі көріністері болуы мүмкін, сондықтан Венсан сипаттаған үш позицияны түсіну жасөспірімнің қиындықтарына тереңірек қарауға мүмкіндік береді.

Пубертат хаосы – бұрынғы психикалық құрылымның шайқалуы.

Орталық нарциссистік позиция – өзіне қайта оралу және ішкі тұтастықты қалпына келтіру.

Объектіні қайта ашу – басқа адаммен жаңа, ересек қарым-қатынас құруға дайындалу.

Осы үш процестің біртіндеп өтуі жасөспірімнің ересектік өмірге қадам басуына жол ашады.

Кітаптың басқа бөлімдері

Еске салсақ, бұған дейін жасөспіріммен терапия өткізудегі мақсат – диагноз қою емес, түсіну екені туралы жаздық.

Сондай-ақ, психоаналитик Мишель Венсанның «Жасөспірім шақтың дерті» кітабы бойынша жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда емдеудің ерекше тәсіліне тоқталып өттік.

Сонымен қатар, аталған кітап бойынша балаға мінсіз ата-ана емес, «жеткілікті жақсы» ата-ана керек екенін түсіндірдік.

Сондай-ақ, әке бейнесі баланың психикасына қалай әсер ететіні туралы жаздық.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button