Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жон ван’т Схип Ұлттар лигасында Молдовадан жеңілгеннен кейін өз қызметінен кету мәселесі жөнінде пікір білдірді. Нидерланд маманы тізгінін ұстағалы бері ұлттық команда әлі жеңіске жеткен жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Отставкаға кету – мен шешетін мәселе емес”
«Астана Аренада» өткен сәтсіз кездесуден соң журналистер 62 жастағы маманнан өз еркімен қызметінен кетуге дайынсыз ба деп сұрады. Алайда, қатарынан екі мәрте есе жібергеніне қарамастан, бапкер отставкаға кету туралы ойламайтынын кесіп айтты.
«Отставкаға кету жайлы ма? Бұл – мен шешетін мәселе емес. Жұмысымды жалғастырғым келеді. Жеңіске жеткенде досың көп болатыны, ал жеңілгенде қасыңда ешкім қалмайтыны түсінікті жайт. Бұл – бапкерлік жұмыстың жазылмаған заңы. Мен Қазақстан құрамасының бас бапкері ретіндегі жұмысымды жалғастыра беремін, отставкаға кету жоспарымда жоқ. Біз жекелей емес, тұтас команда болып жеңілдік. Енді алдағы ойындарға көбірек дайындалудан басқа амал жоқ», – деді Жон ван’т Схип матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, нидерландтық маман Қазақстан құрамасының тізгінін биылғы жылдың 7 тамызында ресми түрде ұстаған болатын. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама Ұлттар лигасында әзірге қуанарлық нәтиже көрсете алмай келеді. Алғашқы матчта Фарер аралдарымен тең түсіп, ұпай бөліссе, кейін Словакия мен Молдова футболшыларына жол берді.
Бұған дейін 62 жастағы тәжірибелі маман Грекия және Армения ұлттық құрамаларын жаттықтырып, Нидерланд құрамасының бапкерлік штабында жұмыс істеген. Айта кетерлігі, Жон ван’т Схип – Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған екінші нидерландтық бапкер. Оған дейін бұл қызметті 2006-2008 жылдары Арно Пайперс атқарған еді.