Маңғыстаудағы трагедия: досының беретін ұстап жатқан Ақжол әскери борышын аяқтады

Блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстауда 14 сарбаз қайтыс болған кезде аман қалған Ақжол Темірхан әскери борышын өтеп болғанын хабарлады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Бүгін Ақжол үшін ерекше күн, ол ҚР Әскери-теңіз күштеріндегі мерзімді әскери қызметін аяқтады. Әдетте сарбаздардың мұндай ерекше күндері айрықша қуанышқа толып, естелікке бірге суретке түсумен және мәңгілік әскери достықпен өтеді, бірақ бұл жолы олай болмады… Ақжол – Маңғыстау облысынан шақырылып, аман қалған жалғыз сарбаз, сондай-ақ қаза тапқан қаруластары туралы естелік пен оның ауыр жүгін арқалаған Маңғыстаудағы жалғыз адам. Таяу уақытта ол ата-анасымен бірге барлық қаруласының отбасына барып, көңіл айтуды жоспарлап отыр. Өз тарапымнан Ақжолға тек жақсылық тілеймін. Ол жан тыныштығын тауып, тек өзі мен ата-анасы үшін ғана емес, қаруластары мен олардың ата-аналарының алдындағы естелік үшін де лайықты азамат болса екен деймін…”, – дейді Азамат Сәрсенбаев.
Мемлекет басшысының жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ақжол Темірхан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.

Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.